Алма деген жеміс бар...

Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта  теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды.

(Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан.)

 

Алма деген жеміс бар...


Осы мақаланы жазуға түрткі болған интернеттегі «ғалымдар жаһандық жылыну салдарынан қызыл алманың жойылатынын болжап отыр» деген шағын ақпарат. Алманың түрі көп, алайда, олардың арасында қызыл алманың орны ерекше екеніне ешқандай дау жоқ. Тіпті, қызыл түсті алманы алма бағының королі деп атайтыны бар. Қызыл алмаға қатысты ақын-жазушылардың қаншама шығармасы бар. Алма мойын, алма жүзді, алма бет, алмадай деген теңеулердің өзі не тұрады?! Ау, осындай керемет түр болашақ жойылып жатса не болғаны?

Жалпы, бұл жемісті жақсы көрмейтін адам жоқтың қасы шығар. Оның сан алуан түрі бір-біріне өте ұқсас болғанымен, дәмі бөлек. Адамдардың тамаққа қолданатын жемістерінің 4/5 бөлігін алма құрайды екен. Шырынынан шарап, сусын дайындалады, жемісін емдік  дәрі ретінде де, адам организмін ауыр металл заттардан тазалауға, қан бұзылу және жүрек ауруларын емдеуге қолданады. Сондай-ақ, ол тамақ, кондитер және иіс су өнеркәсібінде қолданылады.  Күнделікті тағамға, салаттарға қосып пайдаланады. Денсаулыққа пайдасы мол. Оны ежелден ем-дәмдік тағам ретінде және ас қорытуы бұзылуын реттейтін амал ретінде қолданған. Дәрумен жетіспегенде, безгекке қарсы да жеген. Тәнге күш беріп, ағзаның әртүрлі аурулармен күресуіне көмектеседі. Сырқатқа шалдыққандарға да, сау адамдарға да пайдалы.

Жасылының құрамында қант мөлшері аз, сол үшін қант диабетімен ауыратын науқастарға алманың осы түрін ұсынады. Ал қызыл түрінен алшақ болған дұрыс дейді. Оған қоса, жасыл алма майлы асты тез қорытады. Қызыл алманың құрамындағы калория жасыл алмадан сәл жоғары. 100 грамм қызыл алмада 45-50 килокалория бар. Оның жұмсақ, қатты әрі тәтті сорттары кездеседі. Олардан тәтті джем, тосап, жеміс салатын жасауға болады.

Алма тасымалдауға, сақтауға жарамды, тағамдық заттарға бай, дәмді келеді әрі жақсы өңделеді.

Құрамында А, С, В1, В2, Р, Е дәрумендері бар. Ал ең бастысы темірге бай. Темір қан айналымы жүйесіне өте қажет. Ол жүрек, бауыр, бүйрек, асқазан, ішек жолдарының жұмыстарын жақсартады. Бактерия мен әртүрлі вирустардан сақтану үшін күніне бір алма жеу қажет.

– Әрбір қазақстандық тұтыну нормасына сай жылына орта есеппен 15 келі алма жеуі керек, – дейді Қазақ жеміс-жидек және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Сәуле Қазыбаева бізбен әңгімесінде. – Алайда, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш, төмен, шамамен 10 келі ғана тұтынудамыз және оның басым бөлігі импорттық алма. Халқымызды қажетті алмамен қамтамасыз ету үшін жылына 270 мың тонна алма өндірілуі тиіс. Қазір біз қажетті мөлшердің 60 процентін ғана өндірудеміз. Жалпы, біздегі алма бақ алқаптарының көлемі 34 мың гектарға жуық. Бұл көрсеткішті екі есеге ұлғайту үшін сапасы жоғары 3 млн көшет отырғызу керек.

Әлем нарығына шолу жасаған сарапшылар жыл сайын алма экспортының көлемі 1,5% өсіп отырғанын айтады. Алма экспортында Қытай көшбасшы саналады. Көршіміз  бұдан бір жылда 1,5 млрд доллар табыс табады. 900 мың доллардан табыс табатын АҚШ пен Италия екінші-үшінші орынды бөліссе,  одан кейін Түркия, Польша, Франция мен Чили орналасқан. ТМД елдері арасында Әзербайжанның көрсеткіші жоғары. Әзербайжаннан кейін әлемдік экспортта Беларусь, Украина, Ресей және Өзбекстан тұр. Қырғыз ағайын да қара жаяу емес – 52-ші орында. Біздің елдің бағбандары да өнімдерін экспортқа шығарып отыр. Десе де, алманың отаны саналатын Қазақстан тізімде 76-шы орынды қанағат тұтқан. Деректерге сенсек, бізде өсетін алманы шетелдіктер күнібұрын сатып алады екен. Мысалы, Ресей мен Біріккен Араб Әмірліктері Алматы апортының бір жылдық қорын сатып алған.  Алатау баурайында,  Алматы төңірегінде өсірілетін алманың ерекше дәмі мен иісі шетелдерге әлдеқашан танылған. Жақсы дүниеміз сыртқа кетіп жатқаннан кейін, амал жоқ шетелдің  дәмсіз де нәрсіз жемісін қанағат тұтуға тура келеді. 

Жоғарыда келтірілген норманы орындауға алманың жетіспеушілігі емес, оның бағасы жоғары болуы кедергі келтіруде. Қазақстанға алма импорттап отырған негізінен Қырғызстан, Өзбекстан, Польша және Қытай елдері. Шекара асып, талай қолдан өтіп келген өнім болғандықтан оның бағасы арзан болмайтыны түсінікті. Сырттан келетін импорттық алмаға тосқауыл қою үшін жергілікті өнімді көбейту қажет. Оған біздің елдің әлеуеті толығымен жетеді. Айта кетейік, өткен жылы елімізде бағбандықты дамытудың салалық бағдарламасы қабылданды. Сол бағдарлама бойынша 2027 жылы бау-бақша аумағын 45 мың гектардан 92 мыңға ұлғайту керек. Бізде алма өсіруші шаруаларға арнайы инвестициялық субсидия бөлінеді. 1 гектар жерге алма отырғызуға жұмсалатын шығынның 40 процентін Ауыл шаруашылығы министрлігі  өтейді.  Бұл – шар­уалар үшін айтарлықтай жақсы қаржылық қолдау.

Институт өкілінің айтуы бо­йын­ша Қазақстандағы алма өсіру­шілердің басым бөлігін Алматы, Жамбыл және Түркістан облыс­тарының бағбандары құрай­ды.

– Алманы еліміздің барлық өңірінде өсіруге болады. Сыр өңірінде алма өсірумен айналысып жатқан шаруашылықтар ұсыныс жасаса, біз оларға ғылыми жағынан көмек көрсетуге әзірміз, – деді алматылық ғалым. Ғылыми-зерттеу институты өкілімен сөйлесу барысында  мақа­ламыз­дың басындағы келтірген ғалым­дардың  болжамына қатысты пікірін сұрадық.

– Жоқ, алманың қызыл түсі жойылмайды. Ол тек болжам ғана. Бәрі генге байланысты. Қызыл алманың гені мықты, мысалы біздің жерде өсетін «Сиверс» сор­ты мыңдаған жылдардан бері табиғаттың түрлі ауытқуларына төтеп келеді. Бұл сорт әлемге әйгілі Алматы апортының атасы, – деп жауап берді С.Қазыбаева.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары берген мәліметіне қарағанда аймақтағы алма бақтарының жалпы көлемі 65 гектардан асады. Оның басым бөлігі Жаңақорған мен Шиелі аудандарында. Оңтүстік аудандар­да қарқынды (интенсивті) бақ­тар саны артып келеді. Кеңес үкі­метінің кезінде облыстағы көптеген шаруашылықтарда  алма бақ­тарының болғанын еске түсір­сек, оның қайта дамитынына сенуге болады.

Осындай істі қолға алғандардың бірі – кәсіпкер Сейтқазы Әлібаев. Ол Шиелідегі Тартоғай ауылдық округінде  10 гектар жерді құрайтын аумаққа алма бағын өсіру үшін  екі жыл «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 6,5 млн теңге несие алып, ісін бастаған.

– Жерді жыңғыл, сексеуіл бұталарынан тазартып, 20 мың түп алма ағашын әкеліп, отырғыздық. Бұл кәсіпті отбасымызбен бірге жандандырып келеміз, – дейді кәсіпкер. Оның алма бағында алманың «Голден делишес», «Ренет Симиренко» сорттары өсіріледі. С.Әлібаев алма бағының биылдың өзінде өнім бере бастағанын, келесі жылдан үміттеніп отырғанын жеткізді.

Қарқынды бақ деген нені білдіреді деген сұрағымызға кәсіп­кер будандастырылған көшет­тер егілген, екі-үш жылда өнім беретін алма  бағы осылай аталатынын түсіндірді. Сонымен қатар бұл бақтар израильдік тамшылату технологиясымен суғарылады.

Жалағаш ауданындағы «Құрманбай ата» шаруа қожа­лы­ғының иесі Еркін Бекжанов та 5 гектар жерге 12 мың 900 түп алма ағашын отырғызып, туған жерді түлетуге үлесін қосуда. Осындай игілікті істі бастаған кәсіпкерлердің кәсібіне береке берсін, олардың қатары жыл са­йын арта берсін дегіміз келеді.

Алмаға қатысты және бір жаңалықтармен бөліскенді жөн көрдік.

АҚШ-та тоңазытқышта бір жыл сақталса да, бүлінбейтін жаңа алма сорты сатылымға шықты. BBC агенттігінің хабарлауынша, жаңа сортты шығаруға 20 жыл жұмсалыпты. «Cosmic Crisp» деген атау берілген алманы Вашингтон штаты университетінің ғалымдары «Honeycrisp» және «Enterprise» гибрид сорттарынан алғаш рет 1997 жылы шығарған екен. Вашингтон штатының фермерлері бұл сортты алдағы 10 жыл бойы өздері ғана өсіруге құқық алған. Алма тоңазытқышта 10-12 ай сақталғанда өзінің түсі мен дәмін баяу жоғалтады.

Ал енді осы жеміске қатысты қызықты деректерді оқи отырыңыз. Алма ежелгі гректер мен римдіктердің сүйікті жемісі болған. Адам организмі үшін ең пайдалы антиоксиданттар оның қабығында болады. Адамзат оны тағам ретінде біздің дәуірімізге дейінгі кезеңнен бері пайдаланып келеді. Бұған археологиялық қазбалар дәлел. 1647 жылдан бері өнім беріп келе жатқан ең «кәрі» алма ағашы АҚШ-тың Манхэттен қаласында өседі. Осы жылы АҚШ-тан экспортталған ең алғашқы алма сорты «Ньютон Пиппин» деп аталды.

Түрлі сорттағы алмалардың дәнегінің саны да әртүрлі болып келеді. Бұл жеміс салмағының төрттен бірі ауадан құралады. Сондықтан, суға батпайды. Егер бір ағаштың дәнінен 100 алма ексеңіз, түрліше өсіп шығады. Әлемде 7500-ден астам сорты өсіріледі. Күн сайын жаңасының дәмін татып көру үшін адамға 20 жылдан астам уақыт қажет. Құрамында майлар мен холестериндер жоқ және ол – жасұнық көзі. Орта есеппен бір алмада адамға керек өсімдік талшықтарының 4,5 грамм мөлшері бар. Оның шие тәрізді кішкентай, грейпфрут сияқты үлкен түрлері өседі. Алма ағашы 100 жылдан аса жеміс береді. Ой белсенділігін арттыратын бор микроэлементіне бай. Дәндерінде, қауіпті заттек, цианид аздаған мөлшерде кездеседі. Алғашқы жемісін беру үшін 4-5 жыл уақыт керек. Әдетте бақтарда аласа алма ағаштары өсіріледі. Себебі, аласа ағаштарды күту, жемісін жинау оңайырақ. Орта есеппен адам жыл сайын 65 дана алма жейді.

Алма құрамындағы қышқыл тіс ағартатын құрал жасап шығаруда қолданылатын химиялық зат. тіс кіреукесіндегі дақтардан арылуға көмектеседі.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

ЖАРНАМА 24 қаңтар 2020 г. 310 0