Жаңа номер
Читать в PDF №51 (19927)
Скачать файл: 51-19927.pdf [3.29 Mb] (cкачиваний: 34)
Посмотреть онлайн файл: 51-19927.pdf %26viewonline%3D1" target="_blank" rel="noopener noreferrer">PDF нұсқалар мұрағаты
  • : :
syrboyi@yandex.kz
+7 (7242) 40-02-17

Трендке айналған тренинг

Қазір қай әлеуметтік желіге бас сұқсаңыз да, «Пәлен күні, сағат мұншада тренинг өткіземін. Өміріңізге өзгеріс әкеліңіз, бай болудың құпиясы мен табысты болудың тетігі осында!» деген жарнамадан көз сүрінеді. От ауызды, орақ тілді тренерлердің семинарынан табылуға асығатындар аз емес. Алайда, олардың барлығы осы тренингтен іздегенін таба ма, әлде ол уақытты текке жоғалту ма? Бұл үрдіс бізге қайдан келді? Трендтегі тақырыпты тарқатсақ. 

Жалпы, мұндай тренерлер алғаш АҚШ-та пайда болған. Тренингтерде ірі корпорация басшылары кәсіпті ілгерілетудің қыр-сырын, неден қашық болып, неге жақын болу керектігін айтып, ара-жігін ажыратып берді. Осылайша, елді аузына қаратқан бизнес-тренерлердің абыройы асқақтады. Уақыт өте бұл үрдіс әлем бойынша тарады. Айта кету керек, ТМД елдеріндегі бизнес-тренингтер тарихының бастауы Дейл Карнегидің есімімен байланысты. 1990 жылдары жаппай қысқарту орын алып, жұрт жұмыссыз қалған уақытта Карнегидің кітаптары сатылымға шығып, бай болу, көшбасшы болу жолын жайып салған авторды жұрт жабыла оқыды. Кітапты сатып алғаннан кейін өзін жуық арада байып кететіндей сезінгенімен, күнделікті тірліктен арыла қойғаны аз. Дегенмен,  бизнес-тренинг ұйымдастырушыларға деген сұраныс бәсеңдеген жоқ.

Қазірдің өзінде оған қатысуға ынталылар көп. Мәселен, елімізде қазір шамамен 200-ге жуық тренинг орталығы бар екен. Бұл тіркелгені ғана. Ақылы тренингтерге жүгінушілердің басым көпшілігі – жеке кәсіпке бет бұрғысы келетіндер. Бірақ, мұнда көбіне кәсіп ашудың алғышартын үйреткенімен, қиындыққа тап болғанда тығырықтан шығар жолды көрсетпейді.

Танымал PR модераторлар негізінен бизнес-тренерлердің 4 топқа бөлінетінін айтады. Олар – тео­ретик, философ, шоумен-тренер және практик-тренер. Тео­риктер білімді болғанымен, бизнес саласында тәжірибесіз. Оларға тек ақпарат таратушы ретінде қараған жөн. Философтар – қарым-қатынас­ты жоғары деңгейде меңгерген психолог-тренерлер. Олар семинарда іліп аларлық ештеңе айтпауы мүмкін. Дегенмен, сіз оған, оның сізге деген жылы ниетіне арбалып, келесі семинарына да қатысқыңыз келіп тұрады. Шоу­мендер халықты семинарға түрлі ұтыс ойындарын ұйымдас­тыру арқылы шақырса, практиктер – бизнесте тәжірибесі бар жандар. Олар – табысы мол компания­ның президенттері. Мұндай практик-тренерлер сирек кездеседі. Себебі, табысқа жеткен адам өзгелерге өз байлығының құпиясын аша қоймауы мүмкін. Тіпті, олардың бизнес-тренинг өткізуге уақыты да бола бермейді.

– Айналасы бір-екі сағаттың ішінде кәсіпкерліктің қыр-сырын игеремін деп ойлау бос әурешілік. Қысқамерзімді тренингтердің мақсаты – оқыту емес. Ол тек адамға стимул беруді көздейді. Ал, қызыл сөзге шебер жандар қазір мұны өз пайдасына қолданып жүр. Бұл – табыс көзі. Бизнестегі қажетті дүниелерді меңгеру ұзақ уақытты талап ететінін ұмытпау керек, сондықтан бизнес­тен хабары бар, кәсіп бастау­дың, оны ілгерілетудің нақты технологиясын ұсынатын тренерлерге жүгіну қажет, – дейді белгілі бизнес-тренер Айдос Аман.

Иә, қанша адам болса сонша пікір, сонша ұстаным бар. Ілімді кім қайдан, қалай жинайды, ақылды кімнен алады – әркімнің өз таңдауы. Бұл – біреу­ге ақша табудың жолы, енді біреу­ге пайдасы көл-көсір кеңес болуы мүмкін. Дегенмен, мұндайда адамның өзі әрекет етіп, еңбектенуге талпынбаса, ешбір тренинг те, мотиватор да көмекке келе алмайтынын ескерген  дұрыс сияқты.


Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

ЖАРНАМА 20 ақпан 2020 г. 836 0