«Даму» демеген жобалар

1073

0

Пандемияға қарамастан, Сыр елінде бизнесті жаңа бағытта жүргізген кәсіпкерлер бар. Күрделі мезетте олар қиындықтан шығудың жолын қарастырды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастырған баспасөз турында үш өндіріс орнының жұмысымен таныстық. Үшеуі де – «Дамудың» қолдауымен қанат жайған кәсіпорын. 

Айта кету керек, бизнесті жеңілдікпен кредиттеу мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры облыс кәсіпкерлеріне проценттік мөлшерлемені субсидиялау түрінде қаржылай қолдау көрсетті.

«Dalatex» брендке айнала бастады

«Dalatex»-тің атын естімеген қызылор­далық бүгінде жоқ шығар. Себебі, алғашында ерлер жейдесін шығарумен белгілі болған компания елімізден бөлек, сырт мемлекеттерге де өнім жіберді. Ал, пандемия басталған уақытта сұраныстың көптігінен тапшылығы сезілген мас­каны дайындауға бірден кірісті. Дереу саудаға шығарды, көмек түрінде берілгені қаншама?!

– Сол кезде фабрикадағы барлық жұмыс тоқтатылып, басшылық бетперде тапшылығын азайтуға шешім қабылдады. Күніне 10-15 мың маскаға дейін шығарылды. Жергілікті компаниялар, жеке тұрғындар сондай-ақ, басқа өңірлердегі компанияларды бетпердемен қамтамасыз еттік. Бұ­рынғы жұмысшылардан бөлек 100-ге тарта адам қосымша жұмысқа алын­ды, – деді атқарушы директоры Нұргүл Қосаева.

Алғашында ер адамдардың жей­десін тігуге маманданған фаб­рика қазір өнім түрін кеңейтіп, арнайы, күштік құрылымдарға арналған фор­маларды дайындауда. «Сапалы өнім­ге сұраныс бар, есесіне жергілікті өнімнің бағасы қымбат» деген тұр­ғындардың таптаурын пікірі бар. Бірақ, мұндағы жейделер бағасы үш мың теңгеден басталатынын білдік.

– Бүгінде фабрикада 50-ге тарта адам жұмыс істейді. Оның ішінде тігіншілердің көпшілігі арнайы білім алған. Кейбір қыз-келіншектерді өзіміз үйретіп, мамандандырып жатырмыз. «Dalatex» әлеуметтік жағдайдың реттелуіне де үлес қосуда. Халықты отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, үйде отырған жұмыссыз қыз-келіншектердің табыс табуына ықпал етті. Қазір фабриканың жанында тігіншілерді оқытатын оқу орталығы ашылды. Орталықты бітірген тігіншілерді жұмысқа алуға мүдделіміз, – деді атқарушы директор.

Жеңіл өнеркәсіп – азық-түлік өнімдерінен кейін сұраныстағы дүние. Иә, тағамнан кейін қаржы негізінен киім-кешекке жұмсалады. Ал, көпшілік тұтынатын мұндай өнімдердің басым бөлігі шетелден келетіні жасырын емес әрі көптеген елдердің басты табыс көзі. Сондықтан компания басшылығы «Даму» қорының қолдауымен әлі де қызметкер санын, өндірілетін өнім түрлерін арттырмақ ниетте.

«Жан-Арайдағы»

жаңалық

Көпшілікке «Жан-Арай» ЖШС-ның да атауы жақсы таныс. Тәулігіне 80 тонна құрама жем, 150 тоннаға дейін күріш ақтайтын зауыты бар серіктестік 2011 жылы құрылды. Зауыт іске қосылған 2015 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті -Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев күріш өңдейтін зауыттың ғимаратын аралап көріп, кешеннің өндірістік жұмысымен танысқан болатын.

Агроиндустриялық кешеннің жұ­мысын жолға қойған серіктестік бүгінде 150 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнан бөлек осы аумақта тойхана салынып, хостел, қонақүй де бой көтерді.

– Алдағы уақытта көтерме сауда орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Ғимараты дайын. «Даму» қорының қолдауымен банктерден несие алып, жабдықтау қажет. Сондай-ақ, 4 гек­тар жерге жылыжай салу да ойда бар. Қазір жобалық-сметалық құ­жат­тары дайындалып жатыр. Екін­ші дең­гейлі банктермен жұмыс жасап, «Даму» қоры арқылы субсидия алып, құ­рылыс-монтаж жұмыстарын бас­тағымыз келіп отыр, – деді «Жан-Арай» ЖШС директоры Мұрат Айменов.

Айтпақшы барлық салаға өзгеріс әкелген пандемия кәсіпорынның жұ­мысына да айтарлықтай әсер етті. Бұған дейін күріш Өзбекстан, Тә­жікстан, Қырғызстан, Ауғанстанға экс­портқа шығарылатын. Ал күрделі уақытта кеденде шектеулер болды. Дегенмен жұмыс қазір қайта жүр­гізілуде.

Бизнесі сәтті –

«Сапа КА»

Еліміздің батыс өңірінде тігілген қазақы нақыштағы киімдердің дизайны бөлек. Сән үйлерінің туындылары бірінен бірі өтеді. Ал Сыр елінде осы олқылықтың орнын толтырған бірден-бір өндіріс орны – «Сапа КА» жеңілөнеркәсіп орталығы. Ұлттық сән өнері мен сұлулықты тоғыстырған орталық елге «Қолөнер» деген атаумен танылды. Бұл жерден нағыз қазақ мәдениетін көз алдыңа әкелетін киіз үйден бастап, бабалар тұтынған бұ­йым­дардың сан түрін көресіз.

 Қазір тұрғындарда таңдау көп, киім-кешектің қандайына да өзіңіз қалаған бағада қол жеткізесіз. Сон­дықтан жеңіл өнеркәсіп саласында кәсіп бастап, жетістікке жету жолы күрделі. Бірақ орталық құрылтай­шысы Аида Керімқұлованың ұлттық бұйымдарға деген жанашырлығы «ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» дегізетіндей.

Бүгінде «Сапа КА» өнімдері 3 цехта өндіріледі. Цехтарды бір жерге шоғырландыру үшін басталған зауыт құрылысы карантинге байланысты әзірге тоқтап тұр.

– Орталық жұмысын автоматтан­дыруға көп көңіл бөлінуде. Қазалы, Арал, Шиелі аудандарында керемет қолөнершілер бар, бірақ енді аппаратпен кестелеуге басымдық береміз. Жеңіл өнеркәсіп саласы Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде жақсы дамыған, сондықтан сол елдерден мамандар шақырып, қызметкерлерді осы жабдықтармен жұмыс істеуге даярладық. Былтыр «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша «Даму», «Атамекен» кәсіпкерлік палатасындағы мамандардың сүйемелдеуімен үлкен жобаны іске асырдық.

Пандемия уақытында мүлде демалған жоқпыз. Маска тігуден бөлек,  арнайы технология бойынша қорғаныш костюмдерін дайындадық. Шетелден шикізат әкелу жағы қиын болды. Жүк ұшақтары тоқтап қалды. Бірақ Ресеймен арада почта байланысы болғандықтан, шикізатты сол елден алдырдық, – деді А.Керімқұлова. Тек ұлттық киімді ғана емес, қолөнер бұйымдарын дайындап, «темірге тіл, жаңқаға жан бітірген» шеберлерді топтастырған «Сапа КА» өнімдеріне сұраныс көбейген. Бір қызығы, тапсырыс берушілердің басым бөлігі шетелден хабарласады екен.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<