ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ: ЕҢ БАСТЫСЫ – ҚОҒАМНЫҢ МЕЙІРІМІ

327

0

Қоғамдық көлік іші. Сегіз-тоғыз жастағы бала әкесінің қолын сабалап, бір орында отыра алмай тынышсызданады. Тіпті, түсініксіз жылдам сөйлей береді. Әкесінің «қоя ғой» дегенін естігенмен, ол тәртіпті елемейтін сыңайлы. Автобустағы адамдардың да назары әлгі балақайда. 

Мұндай жағдайды қоғамдық орындардан жиі байқаған боларсыз. Адамдардың балаға тесіліп қарап, «ана қарашы, біртүрлі екен» деп сыбырласуы ана мен әкеге оңай тимейді. Әсіресе, мұндайда ана жүрегінің шырылы бөлек. Сол себепті, олар бүлдіршінді көптің көзіне түсірмей, үйде ұстауға тырысады. Осындайда мына ән еске түседі: «Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған». Оқшау орта, оңаша үй денсаулығы нашар бала түгілі, сау баланы да қалыпты дамытпайды. Адамдардың мейірімі жетіспейді. Ал әлгі шошып, үркіп қарауы басым қоғамдық көзқарас ше? Солай қала бере ме? Мемлекет мұның шешімін тапты. Мектептерге инклюзивті білім беру жүйесін енгізді. Яғни, бүлдіршіндер мектептің арнайы сыныбында не үйден білім алады. Ал инклюзивті кіріктірілген сынып біздің облыста алғаш рет №264 мектеп-лицейде ашылды. Ерекше қолдауды қажет ететін балалар кәдімгі сынып оқушыларына қосылды. Әзірге бұл – аймақтағы жалғыз мектеп.

Ресми дерек не дейді?

2017 жылы облыста ерекше қажеттілігі бар 6936 бала тіркелген. 3256 бала инклюзивті біліммен қамтылды. Бұл балалар жалпы ортада, ал 2894 бала арнайы білім беру ұйымдарында арнайы бағдарламамен немесе үйден білім алады.

Бүгінде аймақтағы балабақшалар саны 544 болса, оның 79-да инклюзивті білім алуға жағдай жасалған.

Төрт жыл бойы инклюзивті кедергісіз орта құру жүйесімен жұмыс істеген №264 мектепке арнайы барып, педагогтар мен ата-аналарға жолықтық. Басқа оқушылардың ата-анасы бұл өзгерісті қалай қабылдады? Білім жүйесінің ерекшелігі не? Ұтымды тұсы қайсы?

 

Айнұр МЕДЕУОВА, ата-ана: 

– Тұңғыш ұлым Мирас биыл 1-сыныпқа қабылданды. Нақты диагнозы жоқ. Үйде бәрімізбен сөйлескенімен, ауладан әрі асса, сыбырлап сөйлейтін. Кейде мүлде тұйықталып қалады. Сауда орнында бірдеңе ұнамаса, қырсығып тоқтаусыз жылайтын. 3 жасында психиатр-дәрігер аутизмнің белгісі бар дегенімен, есейе келе бұл диагноз расталмады. Тілі кеш шықты, түсініксіздеу сөйлейді. 7 жасқа толғанда «Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация» мекемесі №264 мектепке инклюзивті білім жүйесімен оқытуға жолдама берді. Қазір тіліне түзету-дамыту жаттығулары жасалады. Мектептен қуанып, айқайлап, сөйлеп шығатын болды. «Назарбаев мектебінде,  сосын үлкейгенде университетте оқимын» деп қуантады. Бұл өзгерістер балалармен бірдей оқығанның, қарым-қатынастың әсері деп ойлаймын.

Ғалия ӘБЕНОВА, ата-ана:

– Нұрай – жалғыз қызым. 1-сыныпқа қабылданғанда оның тілін ешкім түсінген жоқ. Қазір 3-сыныпта. Сөздері ұғынықтылау. Жүйке жүйесіне зақым келгендіктен, жыл сайын невропатологтан ем алады. Сабағынан бөлек, мектептегі түзету бөлмесіне аптасына 2 рет барады. Тіліне, ойлау жүйесіне қатысты жаттығулар жасайды. Қазір «күнде барайыншы» дейтін болды. Мұғалімдері басқа оқушыларды бір сабақ көлемінде 6 есеппен бағаласа, Нұрайды 1 есеп бойынша бағалайды. Мамандарға, ұстаздарға ризамын. Нұрайға ұнайтын болуы керек, «өскенде логопед боламын» деп жиі айтады.

Салтанат КӨМЕКБАЕВА, №264 мектеп-лицейдің инклюзивті білім беру жүйесі бойынша педагог-ұйымдастырушысы:

– Қазір бізде 23 бала инклюзивті білім алады. 20-21 оқушысы бар сыныпқа ерекше қолдауды қажет ететін бір баланы қосамыз. Екі оқушыдан артық қосуға болмайды. Себебі, инклюзивті білім алатын бір бала үш сау баланың орнына жүреді. Олар да басқа оқушылармен бірдей білім алады. Ал түзету бөлмесіне 1-сынып оқушылары аптасына 3 рет, өзге сынып оқушылары 2 реттен келеді. Мұнда 3 маман бар: дефектолог, логопед, психолог. Шағын аудандар бойынша келесі жылы қанша бала 1-сыныпта инклюзивті жүйемен оқитынын даярлық сыныптарға бақылау жүргізу арқылы анықтап қоямыз. Ата-аналар тарапынан кейде түсініспеушіліктер болып тұрады. Мысалы, осы оқу жылында 3-сыныпқа аутист бала қосылды. Партаға отырып үйренбеген, балалардың тақтадағы есебін өшіріп қояды. Ата-аналар «баламыз соның істегенін қайталайды» деп шағым түсіре бастады. Жиналыс жасап, мәселені түсіндірдік. Мұндай балалар қоғамға, қоғам оларға үйрену керек. Ақырында 3 ай ішінде әлгі оқушы тәртіпке көнді, өзгерді. Қазір көп ата-ана бұл жүйені түсінгендіктен, ерекше қолдау қажет ететін балаларын кіріктірілген сыныпқа қосқысы келеді. Бірақ біз арнайы межеден артық қабылдай алмаймыз.

Мектепте түзету бөлмесінен бөлек, мұндай балаларға демалу, ойнау бөлмесі дайындалған. Тотықұстар мен аквариумдағы балықтар демеуші көмегімен алыныпты. Балалар мұнда қияр, қызанақ, бидай егеді. Үш күнде өсіп шығатын бидай оларды қуантып қана қоймайды, еңбек етуге үйретеді. Енді интерактивті жабдықтары бар «Монтессори» бөлмесі дайындалып, логопед маманның арнайы құралдары алынса, мол мүмкіндіктің есігі ашылмақ.

Қандай балалар инклюзивті білім беру жүйесін пайдалана алады?

Облыста инклюзивті білім алуға мүмкіндігі бар балаларды «Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация» ММ белгілеп береді. Дамудағы кемшіліктерге қарамастан, кез келген бала инклюзивті білім алуға құқылы.

Шолпан ЖҮНІСОВА, облыстық білім басқармасының балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы:

– Мүмкіндігі шектеулі балаларды «Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация» мекемесі есепке алады. Облыста 5 ПМПК бар. Қазіргі таңда 293 мектептің 88-і арнайы мамандармен қамтамасыз етілді немесе арнайы мамандардан көмек алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл әлі де өте аз. Сондықтан, инклюзвиті білім алу мүмкіндіктерін қарастыру – өзекті мәселенің бірі. Қазір бұл жүйені дамыту мақсатында облысымызда «Жол картасы» әзірленуде. Сондай-ақ, инклюзивті білім беру бойынша нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу туралы министрлікке ұсыныс берілді.

Ресурстық орталық  Қазалыда

Инклюзивті білім беру орталығы республика бойынша бірнеше облыста ғана құрылған. Соның бірі – Қазалы ауданында. Сондай-ақ, Қызылорда қаласының психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті инклюзивті білім берудің ресурстық орталығы ретінде жұмыс істейді. Облыста осы жылдан бастап «Ерте жастан  араластыру және 3 жасқа дейінгі қатер тобындағы балаларды әлеуметтендіру»  мақсатында  итальяндық бағдарлама орындалып жатыр.

Сөз соңы. Байқадыңыз ба, инклюзивті білім жүйесі баланы қоғаммен жақындастырады, тәртіпке бағындырады. Қоғам да барлық адамға тең қарауды үйренеді. Батыста, айталық, аутизм туралы ашық айтады. Олар кімді болмасын, сол қалпы қабылдайды. Ал, Италияда мұндай балалардың 99 пайызы инклюзивті білімге қол жеткізіпті. Қалған бір пайызы мүлде естімейді, сөйлей алмайды. Біз айтқан Англияда мынадай нақыл бар: «Соусты төгіп алмау тәрбиелілік емес, төгіп алған адамды байқамаған болу – тәрбиелілік». Біздің көңілі пәс ата-ана мен балаға деген «айрықша» көзқарасымыз мәдениетіміз бен тәрбиемізден хабар берсе керек. Балақайлардың бұл жазықсыз қылығы, бейкүнә әрекеті тағдыры ғана. Ал сәбидің бақыты үшін көмектесу – біздің, сіздің, қоғамның міндеті.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз