Ойыны «осылғандар»

94

0

Компьютерге құмар ойын жүктеп, оның қызығына еніп кеткендердің қалтасын қағып пайда көруге бағытталған кәсіпке  құнығушылар көбейіп барады.

 Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеу қызметі биылғы жыл басынан бері «заңсыз ойын» фактісімен  51 қылмыстық іс тіркеді.   42 қылмыстық іс сотқа жеткізіліп, күдіктілерге қатысты сот үкімі шыққан.  Осынша қылмыстың ақыры – 95 дана терминал, 73 дана компьютер кешені, 43 дана теледидар, барлығы 1 млн.214 мың теңге ақша мемлекет кірісіне тәркіленді.

  Тәркіленген ақша ойнаушылардан түскенін ескерсек, қанша отбасының күнкөріс қаражаты осы ойынға жұмсалғанын болжау қиын емес.

 Ал осы тәркіленген компьютерлердің жасырын түрде ондаған дүкендерде, пәтерлерде болғанын сараласақ –  мұндай ойынның қанша жастар мен жасөспірімдердің басын айналдырғанын шамалауға болады.

Қызылорда қаласының тұрғыны Тимур 17 компьютермен ойын жабдығын сатып әкеп, қаладағы Желтоқсан, Өсербаев, Панфилов, Айтбаев көшелері мен Абай даңғылында орналасқан  пәтерлерде жеті бірдей ойын нүктесін ашқан.

Ал Ерлан есімді жігіттің өзін ойын әлемінде кәсіп ашып алған кәсіпкердей еркін сезінгені байқалады. «Арай» ықшам ауданындағы екі дүкенге, Ә.Бөкейхан көшесінде орналасқан төрт бірдей дүкенге, Ғ.Мұратбаев атындағы, М.Шоқай атындағы, Ы.Алтынсарин, Жеңіс  көшелерінде және «Ақмешіт» шағын ауданында бір-бірден, барлығы 11 азық-түлік дүкендеріне терминалдарды қойып, заңсыз ойын ұйымдастырған.

 Экономикалық тергеу қызметінің тарапынан жасырын бақыланатын әдіспен барлық мекен жайлар бойынша ойын ойнатылғаны дәлелденген. Барлық нүктелерге қарау жүргізу барысында жиыны 30 дана терминал қондырғылары  мен сол мезетте кассада болған  73900 теңге ақша алынған.

 Сотпен айыпталған тағы бір «ойын ұйымдастырушы» Нұрбол 9 терминалды кіріс көзіне айналдырыпты. Қанша табыс тапқаны өзіне мәлім, мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғалары екі бірдей нүктедегі ойын құрылғысын анықтаған кезде, кассада 10200 теңге ақша болған.

 Тепсе темір үзетін, 30 бен 40 жастың аралығындағы  жігіттердің оңай олжаға қызыққаны соншалық, өз әрекеттерінің заңсыздығына мүлдем мән бермеген тәрізді. Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» заңының 6 бабының 2-бөлігінің 2) тармақшасы республика аумағында электрондық казино және интернет-казиноға тыйым салады. Осы заңның 1 бабы 9) тармағында көрсетілгендей, ойын автоматы – құмар ойындарды өткізу үшін пайдаланылатын ойын жабдығының ішіне орналастырылған құрылғы болып танылады. Ойын терминалдарына  көпфункционалды ақпараттық-бағдарламалық кешендер енгізіліп, терминалдар ақшаны қабылдауға және беруге арналған құрылғылармен жабдықталып, нақты уақыт режимінде серверге қосылады. Ғаламтордың онлайн желісіне қосылған уақыттары, яғни  құралдың қозғалыс статистикасы жадында сақталып отырған. Осылайша, «ойын  бизнесінің» қаншалықты белсенді жүргізілгені, оған қатысушылар ауқымы дәлелденіп, аты аталған азаматтар бұлтартпас айғақпен алынды.

Өткен жылдан бастау алған  «кәсіптері» үшін  әр кезеңде анықталған үш істің жауапкерлері де Қызылорда қалалық сотының үкімімен  бір жылға бас бостандығынан айрылып, мүліктері тәркілеуге ұшырады. Сот олардың жастығын, жас баласы барлығын, бұрын сотты болмағандарын ескеріп, жеңіл жаза тағайындады.

 Пайда табам деп «заңсыз ойын» ұйымдастырушылардың  бірнешеуі өз бизнесін осылай аяқтады. Олар өз кінәсін мойындады. Сондықтан сот оларды  қоғамнан оқшауламай-ақ  түзелу жолына түседі деп сенім білдірді.

«Ойын бизнесін» анықтау үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізуде Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің офицерлері Нұрдәулет  Ергешов пен Әскербек Баймаханов табандылық көрсетті. Ал тергеушілер Сәуле Айтмаханқызы және Азамат Есмағамбетов айыптау ісін жүргізу үшін апталап, айлап тер төкті.

  Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің компьютерлік-технологиялық сараптама жасаушы бас маманы Руслан Тасымов сараптамалық зерттеу жүргізу үшін Қызылорда қаласына бірнеше мәрте сапарлап келді. Кәсіби мамандардың осындай жүйелі жұмыстары 40-тан  аса қылмыстың ізін анықтап, заңсыз әрекет иелерін сотқа тартты.

Алайда, қылмыстар керуені таусылар емес…

Б.Орданова,

Қызылорда облысы бойынша 

мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз