ТҰЛПАР МІНІП ТУ ҰСТАҒАН, НАЙЗА ҰСТАП ЖАУ АЛҒАН

327

0

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын өңір тұрғындары арасында кеңінен насихаттау және туған елінің тәуелсіздігі үшін өзінің қайсарлығымен, батырлығымен ұрпақ жадында мәңгі сақталған батырларымыздың бірі Кіші жүз Қарпық батырдың бел баласы Текей батырдың туғанына 350 жыл толуына байланысты аймағымыздың бас қаласы Қызылордада 26-27-28 қазан күндері мәдени және спорттық тағылымды шаралар өтті.
Алдымен Нартай Бекежанов атындағы драма театрда ел азаттығы жолындағы Текей батырдың жауынгерлік ерліктері мен оның  елдікті сақтаудағы өнегелі өмір жолы туралы «Хан батыры ер-Текей»  атты деректі фильммен басталған шараны  «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев ашып, құттықтау сөз сөйлеп, ұлт тәуелсіздігі жолында шонжарлармен айқасып, туған елін қорғаған батырлар, оның ішінде Қарпықұлы Текей батырдың ерліктері жайлы әңгімеледі. Содан соң көрермендер батыр туралы деректі фильмді тамашалады.
Батыр рухын ардақтауға арналған шара одан әрі «Текті туған Текей батыр» атты республикалық ақындар айтысына ұласты.
Қазақтың қоңыр домбырасы арқылы зерделі сөздермен бөліскен ақындар додасын  ашқан алматылық Қанат Мырзахан мен шиелілік Оразхан Сейілханов бүгінгі қоғамымыздағы кемшіліктер мен  адамзат баласы қол жеткізген жетістіктер жайында сөз таластырса, одан кейін сөз сайысына шыққан алматылық Қазірет Бердіхан мен Мейірбек Сұлтанхан, Мұхтар Ниязов пен жетісулік Рүстем Қайыртай, сондай-ақ қызылордалық Айдос Рахметов, Нұрмат Мансуров, Сырым Әділбеков, Ержан Әбдиев, жетісулік Аспанбек Шұғаев және басқалар өздерінің көңіл сергітер әзілдерімен,  адами құндылықтарды жүректен шыққан өлеңдерімен өріп,  көрермендер қошеметіне бөленді.
Міне, Әз Тәуке ханның сенімді серігі, әскерінің бас қолбасшысы атанған Текей батырдың ерліктерін  паш етіп, халықты рухани азықтандырған  ақындар айтысының қорытындысында  есімі дүйім алаш жұртына танымал ақын Жүрсін Ерман, сонымен бірге әділқазылар алқасының төрағасы филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов, академик Бақберген Досмамбетов, ақын Шәкизада Әбдікәрімов, әнші-сазгер Лена Әбдіхалықова, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев және ақын Дастан Нәзікбаев бастаған қазылар алқасы бас жүлде иесі  Мұхтар Ниязовқа, І орын иегері Рүстем Қайыртайға,  ІІ және ІІІ орындар иегері атанған Мейірбек Сұлтанхан, Ержан Әміров пен Аспанбек Шұғаевтарға қаржылай және естелік сыйлықтар тапсырды.
Батыр рухын ұлықтаған шара  жұма күні облыстық «Достық үйінде» «Ер Текей» кітабының тұсаукесер рәсімімен жалғасты.
Шара барысында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов  тарихи деректі хикаятта ХVII ғасырдағы алмағайып заманда тұлпар мініп, ту ұстаған, найза ұстап жау алған, Әз Тәуке ханның тұсында ақ найзамен жауға ұрандай шауып, еліне қорған болған Текей батырдың өмір дерегі жайлы  кеңінен жазылғанын айта келе  хикаят тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасу тарихындағы бабалар ерлігін танытатын туындының ұрпақ тәрбиесіне баға жетпес қазына екенін айтса,  кітап авторлары Сержан Зәкерұлы туған елі мен халқын жаудан қорғаған Текей батырдың ерлікке толы өмірінен сыр шертетін туындының  ұрпақ тәрбиесіне мол қазына екеніне тоқталды.
Сонымен қатар, кітаптың тұсаукесерінде  есімі күллі шығыс еліне танымал ғалым, шығыстанушы Ислам Жеменей шараға жиналған жұртшылықты  «Арыс» баспасынан жарық көрген «Шаһнаманың» парсы тіліндегі аудармасымен таныстырды. Кітаптың тұсаукесерінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, академик Бақберген Досмамбетов, КСРО Батыры «Тәйімбет Көмекбаев» атындағы қоғамдық қор мен «Текей батыр» қорының төрағалары Дүйсен Жақсұғұлов пен Мейрамбек Исаев кітап жайлы өз пікірлерін білдірді.
Иә, тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасу тарихындағы батырлар ерлігін дәріптеген шара одан әрі  облыстық ішкі саясат басқармасы мен «руханиятты қолдау» қорының ұйымдастыруымен  Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенттер сарайында «Текей батыр және оның заманы: тарихи, әдеби деректер мұрасы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференциямен жалғасты. Оған есімдері елімізге белгілі ғалымдар мен  ақын-жазушылар, ұстаздар мен студенттер қатысты.
Конференцияны Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы Қылышбек Бисенов ашып, жүргізіп отырды. Сондай-ақ, ол қазақ батырларының ерліктерін насихаттау арқылы бүгінгі ұрпаққа тәрбие беру туралы айтты. Бар саналы өмірін туған халқының болашағы үшін арнап өткен батыр бабамыздың өмір жолы ұлт тарихында алатын орын ерекше екенінен тоқталды.
Сөз алған облыстық мәслихат хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында бүгінде елімізде іске асырылып жатқан  ауқымды жұмыстар, оның ішінде Қарпықұлы Текей батыр бабамыз арқылы ұлы қазақ даласындағы азаттық үшін күреске шыққан батырлардың тарихымыздағы орындарын ұрпақ санасында жаңғырту мүмкіндігі туғанын айта келе,  туған елінің тағдырын өзінің тағдырынан биік қойған, туған жерінің бүтіндігін армандаған батырлар қашанда  ел тарихының белестерінде тұлғалық деңгейге көтерілгені жайлы әңгімеледі.
Қазақ ұлттық аграрлық университеті «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ханкелді Әбжанов «Қазақ қоғамындағы батырлар институты» атты баяндамасында елімізде Кеңестер Одағы билік құрған уақыттары қазақ батырларының бірен-сараңдарының  ғана есімдері аталап, олардың өміржолдары қысқаша түрде энцеклопедияларға енгізілгенін, сондай-ақ еліміз егемендік алғаннан кейін үкімет бұл істі қолға алып, 5 мыңға жуық батырларымыздың өмірдеректері мен ерліктері жайлы көптеген мақалалар жарық көргендерін айтты. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін тарихымызды өзгенің көзімен көріп келгенімізді, ал елімізде тәуелсіздік таңы атқаннан кейін Текей батыр сияқты мыңдаған батырларымыздың есімдерін ұлықтауға  байланысты жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
Белгілі шығыстанушы Ислам Жеменей өзінің «Рухани жаңғыру және ұлттық сана» атты баяндамасында Елбасының мақаласынан туындаған рухани жаңғыру мен ұлттық сананың биік деңгейге жетуінің, көп жылдар бойымызға сіңіп келген адами қасиеттерімізді табудың маңызы жайлы айта келе, кейбір кісілердің түсінігінде ұжмақ шет елдерде екен деген қате ұғымдар қалыптасқанын  қынжыла айтып, адамзат баласының туған жері мен Отаны қорғаны екенін шет елдерде өмір сүріп жүрген қазақтар жақсы түсінетінін, сезінетіндерін тілге тиек етті. Тіпті дүниежүзінде Отаны жоқ ұлттардың бар екені, олардың тағдырларының қандай күйде екені жайлы түсініктеме берді.
Конференцияда филология ғылымдарныың докторы, профессор Темірхан Тебегенов «Текей Қарпықұлының сөз өнері шығармаларындағы тарихи әдеби бейнесі» атты жасаған баяндамасында Әз Тәукенің бас қолбасшысы Текей батырдың тарихи-әдеби бейнесіне тоқталды. Сыр шайырларының жыр-дастандарындағы Текей батырдың бейнесі оның нағыз күрескерлігі мен тектілігін танытатынын айтты.
Содан соң сөз алған академик Бақберген Досмамбетов пен тарих ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата мемлекеттік университеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры Меруерт Аңсатовалар «Текей баба мұрасы-рухани қазынамыз» және «Текей батыр-өз дәуірінің тарихи тұлғасы» атты баяндамаларында талай жылдар бойы қазақ даласына тізесін батырып келген  Әліке ханның  ордасын ортаға түсірген ер Текейдің ерліктері мен батыр бабамыздың  өз ұрпақтарына қалдырған аманаттары, сондай-ақ  тұлғалық рөлі кеңінен айтылды.
Текті туған Текей батырдың туғанына 350 жыл толуына байланысты өткізілген   мәдени танымдық шара легі одан әрі  Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет сарайында «Ерлігі ұрпаққа ұран болған Текей батыр» атты батырлық дастан орындаушылардың республикалық байқауымен жалғасты.
Есімдері  дүйім қазақ жұртшылығына танымал болған Жеткізген Сейітов, Ұлжан Байбосынова, Ерболат Шалдыбеков, Бидас Рүстембеков және Майра Сәрсенбаева сынды жыршылар қазылық еткен дастан орындаушылар байқауында  оннан астам батырлық дастан орындаушы өзара жыр сайысына түсіп, оның қорытындысымен бас жүлдені қармақшылық Әділхан Қуаңбаев иеленсе, Марат Сүгірбай, Серік Жақсығұлов, Күнсүлу Түркпеновалар қалған жүлделі орындар иегері атанды.
Сондай-ақ, баба рухын ұлықтаудағы шара соңында «Еуразия» спорттық кешенінде  қазақ күресінен түйе палуандар белдесулері өткізілді.
Күрес атасы атанған түйе палуандар сайысына еліміздің әр аймақтарынан ең мықты деген боз кілем шеберлері қатысып, оның қорытындысымен жерлесіміз Еламан Ерғалиев түйе палуан атанып, бәйгеге тігілген 1 млн 500 мың теңгеге ие болса, ал енді бір жерлестеріміз Мақсат Исақабылов пен Марат Баймахановтар ІІ және ІІІ орындарды өзара бөлісті. Палуандар демеушілер тағайындаған 700 және 500 мың теңгеге ие болды.
Міне, үш күн бойы Сыр елінде өткен Әз Тәукенің бас сардары, данқты қолбасшы Қарпықұлы Текей батырдың туғанына 350 жыл толуына арналған айшықты шаралар ұлт рухын көтерді.
Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз