150 АВТОБУС САТЫП АЛЫНАДЫ

43

0

Алдағы уақытта Қызылорда автобус паркіне облыстық бюджет есебінен орта сыйымдылықтағы 150 автобус сатып алынады. Мұны өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіхалықов айтты.

2014-2016 жылдар аралығында 112 үлкен автобус әкелінді. Осы тамызда үлкен автобустарға арналған тұрақтар, жанармай бекеті, көлік жуу алаңы және автобустардың үздіксіз жұмыс жасауына ыңғайлы жаңа коммуналдық автобус паркі пайдалануға берілді. Жалпы, аймақтағы 212 елді мекеннің арасында 211 автобус қатынайды. Ал Қызылорда қаласынан Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Жібек жолы (Черняевка) және Сарыағаш қалаларына 7 маршрут ұйымдастырылған.

Облыстық және аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының ұзындығы 2338,8 шақырым болса, соның 37,4 пайызының сапасы сын көтермейді. Биыл 165 шақырым көшені жөндеуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға 8,7 млрд теңге бөлінді.

– Қызылорда қаласының 53,3 шақырым көше-жолдары, аудандардағы елді мекендердің 28 шақырымдық көшелеріне күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деді басқарма басшысы.

Осы қыркүйекте Қазалы ауданының «Әлсейіт» учаскесіндегі Сырдария өзені арқылы өтетін көпір құрылысы басталды. Енді Қызылорда қаласының Ғ.Мұратбаев көшесіндегі автомобиль көпірінен «Самара-Шымкент» автомобиль жолына қосылатын магистралды көше құрылысы басталуы тиіс.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз