16 миллионды қалай алады?

59

0

16 миллионды қалай алады?Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында кәсіппен айналысқысы келетін азаматтар үшін 16 млн теңгеге дейін несие беріледі деп жарияланады дегеннен бері азаматтардан осы мәселеге қатысты сауалдар жиі қойылуда.
Бүгін Кәсіпкерлер палатасының кеңесшісі Мәдина Қасымжан аймақ тұрғындарынан жиі қойылып жүрген сауалға жауап береді. 16 миллион несие алу үшін азаматқа қандай талаптар қойылады?
Негізі нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес кәсіпкерге 8000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде несие беру көзделген. Ол шамамен 18 миллион теңгені құрайды. Несиені алудың келесі шарттары бар:
Бағдарлама бойынша несиелендіруге жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, шағын кәсіпкерлік субъектілері мен ауыл шаруашылық кооперативтерінің мүшелері қатыса алады. Бағдарлама аясында неселендіруге қатысу үшін үміткер жұмыспен қамту орталығына өтініш білдіреді, ал Орталық өз кезегінде үміткердің қатысушы мәртебесіне сәйкестігін тексеріп болған соң, микроқаржыландыру ұйымдарына жолдама береді. Несиелендіруге қатысушының кәсіпкерлік негіздерін оқыту курстарын өткендігі туралы сертификаты болуы тиіс. Мұндай курстардың бірі Палатаның ұйымдастыруымен өтетін «Бизнес-Кеңесші» 2 күндік қысқа мерзімді оқу курсы. 
Сонымен қатар қазіргі уақытта аталмыш бағдарлама аясында 1 ай мерзімдегі оқытуды көздейтін «Бастау Бизнес» оқу курстары да бастау алып жатыр. Бұл курстар пилоттық режимде Арал, Қазалы, Қармақшы, Жаңақорған, Шиелі аудандарында ғана жүзеге асырылатын болады.  Оқу курстарынан өту туралы сертификат мерзімі алынған күннен бастап екі жылдан аспауы тиіс.
Әрекет етуші бизнесі бар үміткерлер бағдарлама бойынша несиелендіруге жаңа жұмыс орындарын ашатын болса ғана қатыса алады.  
Кепілге зат қоя ма?
Бастауыш кәсіпкерлер несиелендіру шарты бойынша алатын сомасының 15% көлемінде кепіл мүлік қоюы тиіс. Қалған сомасы мемлекетпен кепілдендіріледі, ал әрекет етуші кәсіпкерлердің кем дегенде 50% өз қатысуы, яғни кепіл мүлкі болуы тиіс.
Қандай жобаларды қаржыландыру жоспарлануда?
Несиелердің мақсатты тағайындалуы – бизнес ашу үшін негізгі құралдар  алу мен айналым капиталын толықтыру, әрекет етуші кәсібін кеңейту, ауылшаруашылық кооперативтерін құру мен дамыту болып табылады. Басым бағыттары ретінде агроөнеркәсіп кешені, өндіруші сала, өңдеуші өнеркәсіп саласы көзделіп отыр.
Қызылорда облысы 
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз