2030 жылдан бастап Байқоңырдан гептилмен зымыран ұшыру тоқтатылады

46

0

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР ИДМ Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев 2030 жылға қарай
«Байқоңыр» ғарыш айлағында гептилмен жұмыс істейтін бірде-бір зымыран
қалмайтындығына уәде берді.

«Бүгінгі күні «Протон» зымырандарын
ұшыруды қысқарту сызбасы мен кестесі бекітілді. Қазіргі уақытта
«Байқоңыр» ғарыш айлағынан жылына орта есеппен 15 «Протон» зымыранын
ұшырамыз. 2025 жылға қарай 25 зымыран, ал 2030 жылы біз «Протон» ұшыруды
мүлдем тоқтатамыз деп үміт артамыз. Яғни, «Байқоңыр» ғарыш айлағында
бірінші сыныпты зиянды улы затты отыны бар бірде-бір зымыран құрылғысы
қалмайды. Мен мұны сіздерге уәде етемін», – деді Т.Мұсабаев ҚР Ұлттық
музейінде өткен «Жұлдызды жолдардың батырлары» тақырыбында өткен
дөңгелек үстел қатысушыларының сауалына орай.

«Мен, ҚР ғарыш ведомствосының басшысы ретінде әр
уақытта да зиянды улы отынмен және жанғыш қышқылмен жұмыс істейтін ғарыш
зымырандарының ұшырылуын тоқтату үшін күрестім. Ал «Протон» – бұл
денсаулыққа зиян келтіретін ең үлкен зымыран», – деді ол.

Т.Мұсабаевтың айтуынша, еліміздің Аэроғарыш
комитеті алдағы уақытта да «Байқоңыр» ғарыш айлағынан гептил
зымырандарын ұшыруды тоқтатуға бағытталған саясатын жалғастыра
беретіндігін баса айтты.

«Мен бұл мәселені өте жақсы түсінемін әрі әлі күнге
дейін күресіп келемін. Біріншіден, біз гептилмен ұшырылатын барлық
зымыран тасымалдағышты алып тастадық. Мен оларды санап бермей-ақ қояйын.
Олар «Циклон», «РС-20» баллистикалық зымыраны және аталған зиянды
отынмен жұмыс істейтін басқа да ұшыру құрылғылары. Тек «Протон» ғана
қалды. Бүгінгі күні біздер гептилмен барынша аз ұшыру жасаудамыз. Бірақ,
РФ бүгінгі күні Протоннан бас тарта алмайды. Олар өте жоғары деңгейде
«Протонды» қалдыру туралы өтініш жасады. Біз стратегиялық серіктес
ретінде қалай болғанда да ымыраға келуіміз қажет. Осылайша, «Протонды»
уақытша қалдырдық. Бірақ, біз «Протон» ұшырымдарын қысқарту кестесін
әзірледік және соны бағдарға алатын боламыз», – деді комитет басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз