ЕЛДІКТІ СҮЙГЕН, ЕРЛІКТІ ҚҰРМЕТТЕГЕН АЗАМАТ

Айлардың сұлтаны – Рамазанның алғашқы тәулігі қарауылтөбеліктер үшін сауапты іспен басталды.

Бейсенбі күні қала іргесіндегі Қарауылтөбе елді мекенінің орталығынан Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған Құрмет алаңы ашылды.  Шарапатты шараға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаев, қала әкі­мінің орынбасары Ш.Байманов, қалалық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы С.Әбішев келіп, ауыл тұр­ғындарын Рамазан айымен, ардагерлерге жасалып жатқан игілікті істің бастауымен құттықтады. «Ерлік өлмейді, бүгінгідей құрмет көр­сетіліп,  ел үшін жан қиған жа­­сам­паз аталардың ұлықталуы – со­ның бір айғағы. Бұл іске өз қаражатын жұмсап, барша жұрт­тың ризашылығына бөленіп отыр­ған белгілі кәсіпкер, ел жанашыры Сейітқали Алшынбаевқа тағы да алғыс білдіреміз», –деді И.Құттықожаев.

Ауыл ортасынан 36 сотық жер алып, оған тастұғыр тұрғызып, осы ауылдан шыққан 68 соғыс ардагерінің атын қашап жазған қайырлы істі «Нұр-Ай» ЖШС директоры Сейітқали Алшынбаев атқарыпты.

«Сейітқали ағамыз – осы ауыл­дың көркеюіне атсалысып отырған азамат. Осыдан біраз уақыт бұрын ақсақалдар алдына келіп, ауылға не керек екенін ақылдасты. Ақсақалдар «өлі разы болмай, тірі байымас» дегендей, ардагерлерге бір белгі қойсақ, бұл іс жастардың рухын көтеретін бір игілік болар еді дегенге тоқтаған. Кәсіпкер осы істі қолға алып, өз күшімен орындап шықты. Осы ауылдан 68 кісі майданға аттанып, соның 43-і қайта оралмаған екен. Бұл орын алдағы уақытта жасыл желекке оранатын болады. Өмірге жаңа қадам басқан жастардың тағзым етіп, ауыл адамдарының тынығатын саясына айналады», – деді ауылдық округ әкімі Елмұрат Рахматуллаев.

Қонақтар мен ардагерлер ескерткіш белгінің көк желегін қиған соң ауыл имамы дұға жолдап, жиналған жұртшылық тас тұғырға гүл шоқтарын қойды. Әскери сап түзеген мектеп оқушылары рухқа құрмет жасап, болашақ Отан қорғаушылары екенін танытты.

Соғыстың от-жалынын кешкен жауынгерлердің ұрпақтары көз­деріне жас алып, аталарының атын тасқа қашаған кәсіпкер Сейітқали Алшынбаевтың иығына шапан жауып, алғыс жаудырды.

Д.БЕРКІНБАЕВ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 мамыр 2018 г. 434 0