МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ АРНАЙЫ КАБИНЕТ АШЫЛДЫ

 Жуырда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңнен баста» бағытындағы жобасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы мемлекеттік қызметшілерге медициналық қызмет көрсететін бірыңғай орталық ашу бойынша меморандумға қол қойған болатын.
Меморандумға сәйкес ендігі жерде облыс орталығындағы барлық мемлекеттік қызметшілерге медициналық қызмет бірыңғай орталықта көрсетілетін болады. Яғни, мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің медициналық кеңес алуы, емдеу шараларын пайдалануы, сондай-ақ, жыл сайынғы профилактикалық медициналық тексеруден өтуі қамтамасыз етілмекші.
Қазіргі уақытта аталған орталықтарды ашу қарқынды түрде қолға алынды. Атап айтқанда №3 қалалық емханада мемлекеттік қызметкерлерге уақытылы және сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында арнайы терапевт дәрігері мен медбике тағайындалып, арнайы кабинет қарастырылды. Емхана бас дәрігері Гүлстан Мақсұтованың айтуынша, мемлекеттік қызметкерлер терапевт дәрігеріне кезектен тыс қаралып, көрсеткіштері бойынша алғашқы көмек ала алады. Зерттеулер мен ем тағайындалады. Сонымен қатар олар емхана деңгейінде кардиолог, офтальмолог, отолоринголог, эндокринолог, уролог, нефролог, онколог секілді барлық тар буын мамандарынан кеңес алып, лабораторлы және инструменталды зерттеулерден өтіп, күндізгі стационарда ем ала алады. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылуда.


А. Сәрсенбайқызы.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 мамыр 2018 г. 545 0