Ернар Шамбаев «Тоғызқұмалақ» мобильді қосымшасын жасауға 10 жыл уақыт жұмсаған

«Тоғызқұмалақ» зияткерлік ойынның мобильдік қосымшасын әзірлеген Ернар Шамбаевты зияткерлік ойындарды дамытуға қосқан үлесі үшін құрмет белгісімен марапатталды.

Бағдарламашы Ернар Шамбаев тоғызқұмалақ  ойынының «Android» және «Windows» операциялық жүйелеріне арналған қосымшасын әзірлеген. Мобильдік қосымша зияткерлік ойындардың әуесқойлары арасында қысқа уақытта танымал болды және компьютерлік бағдарламалар арасында өтетін әлем чемпионаттарында 4 рет жеңімпаз аталған. Осы мобильді қосымшаны әзірлеу үшін Ернар 10 жыл уақыт жұмсаған.

«Тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны - жастарды тәрбиелеудің тиімді құралы, ол логикалық ойлауды, жігер мен табандылық сияқты қасиеттерді дамытуға ықпал етеді.  Біздің дәстүрлі ойынымыз қазіргі заманның талапына сай болып, жастардың бүгінгі қажеттіліктерін қанағаттандыратынына қуаныштымын.  Қазірдің өзінде мобильді қосымшаны қолданып, турнирлер өткізілуде. Тоғызқұмалақтың мобильді нұсқасы ойынға деген қызығушылықты одан әрі арттыратынына сенімдімін», - деді марапаттау рәсімінде Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов. 

Сондай-ақ, Е.Шамбаев  қазақ тіліндегі мәтіндерді кириллицадан жаңа латын графикасына айналдыруға мүмкіндік беретін «Жаңа қазақ»  қосымшасының авторы болып табылады. Айта кетейік, тоғызқұмалақ тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Германия, Чехия, Франция, Швейцария және тіпті Колумбия сияқты әлемнің көптеген елдерінде де танымал. Қазақстанда тоғызқұмалақпен екі жүз мыңнан астам адам шұғылданады.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 мамыр 2018 г. 401 0