Елжан Біртанов Қазақстанның үздік дәрігерлерін марапаттады

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2018 жылғы «Денсаулық сақтау жүйесінің үздігі» республикалық конкурсының жеңімпаздарын марапаттады, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Салтанатты шара маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтетін медицина қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырылып отыр.

«Ауылдағы медициналық пункттен ең үздік технологиямен жабдықталған орталықтарға дейін, сондай-ақ фармацевтика саласындағы барлық қызметкерлер, санитарлық дәрігерлер, ғалымдар, оқытушылар - барлығы бүгін алғыс пен құттықтауға лайық», - деді министр ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде өткн шарада.

«Жылдан-жылға туындаған қиындықтарды еңсеріп, алға жылжып келеміз. Халықаралық тәжірибелерді зерттеп, жаңа технологиялар енгізудеміз, тұрғындардың денсаулығын нығайтуға қажетті шаралардың барлығын жүргізуге тырысып жатырмыз. Әрине, еңбегіміз кейде еленбей жатады, тұрғындар негізсіз жазғырады, сөгеді. Осының бәріне сабырлықпен қарап, өз міндетін атқарып келе жатқан барлық әріптестеріме алғыс білдіргім келеді. (...) Медицинаға кездейсоқ адам келмейді, медицина қызметкерлері ақша табуды, дөрекілік танытуды көздемейді. Олар үнемі оқып-ізденеді, еліміздегі дәрігерлердің басым бөлігінің біліктілігі жоғары екеніне сенімдімін. Сондықтан, сіздердің алдарыңызда басымды иемін. Отанымыз бен медицинамыз гүлдене берсін, дами берсін», - деп сөзін толықтырды Біртанов.  

Министрдің айтуынша, күн сайын Қазақстанда мыңға жуық бала дүние есігін ашады, 6,5 мың қазақстандық ауруханаға жатады, 25 мыңға жуық адам жедел жәрдем қызметін шақырады.
«Бұл өте үлкен әрі қиын жұмыс. Өкінішке қарай, мамандарымыздың бар еңбегін бақытсыз оқиғалар, кемшіліктер және өлім оқиғалары шайып кетеді. Иә, қателіктер болады, бірақ ол үшін бүкіл еңбекті жоққа шығаруға болмайды. Бұл өте үлкен жауапкершілік және жанкешті еңбек», - деді Елжан Біртанов.

2018 жылғы «Денсаулық сақтау жүйесінің үздігі» республикалық конкурсының жеңімпаздары:

1. «Үздік денсаулық сақтау менеджері-ұйымдастырушы» -

Қостанай перинаталдық орталығының бас дәрігері Татьяна Булгацевич.

2. «Денсаулық сақтау саласының үздік ғалымы» - Қарағанды мемлекеттік медицина университеті Биохимия кафедрасының меңгерушісі Лариса Муравлева.

3. «Денсаулық сақтау саласының үздік жас зерттеушісі» -  А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бас ғылыми қызметкері Жасұлан Баймаханов.

4. «Денсаулық сақтау саласының үздік әлеуметтік қызметкері» - Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының орталық ауруханасының әлеуметітк қызметкері Ләззат Қасымова. 5. «Медициналық ЖОО үздік оқытушысы» - Астана медициналық университетіндегі Гигиена кафедрасының профессоры Айман Мусина
6. «Медициналық колледждің үздік оқытушысы» - Көкшетау жоғары медицина колледжінің оқытушысы Айжан Гибадилова.

7. «Үздік дәрігер» - Алматы қаласындағы Қалалық кардиохирургия орталығы Кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрсан Сұрашев.

8. «Үздік ауыл дәрігері» - Қостанай облысы Федоров аудандық орталық ауруханасының хирург-дәрігері Евгений Финк.

9. «Үздік мейіргер» - Алматыдағы №5 қалалық клиникалық аурухананың Балалар жақ сүйек - бет хирургиясы бөлімінің аға мейіргері Нәзира Мырзабаева.

10. «Үздік фельдшер» Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының фельдшері Сергей Грищук.

11. «Үздік санитариялық-эпидемиологиялық бейін дәрігері» Павлодар облысының Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіндегі бөлім басшысы Гүлсім Дүйсенова.

12. «Үздік санитариялық-эпидемиологиялық сараптама маманы» - Қостанай облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығының Рудный қаласындағы филиалының бактериолог-дәрігері Татьяна Кныш.

13. «Үздік тәуелсіз сарапшы» - Қостанай перинаталды орталығының бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Борис Аутенов.

Еске сала кетсек, кеше Астанада «Алтын шипагер» марапаттау кеші ұйымдастырылды. Онда өз саласында үздік деп танылған медицина мамандарына бір миллион теңгеден жүлделер берілді. Сондай-ақ, қала әкімі Әсет Исекешев елордалық дәрігерлерге қызметтік пәтер кілтін табыстаған болатын.



ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 маусым 2018 г. 255 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Желтоксан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31