Түлектер Қызылордада сағыныштарын басты

Ұстаздан алған ұлағатты, оқытушыдан жиған тәлімді бойына сіңірген түлектер толқыны сол ізден танбай, араға 44 жыл салып, білім жағалауына қайта соқты. Білімнің қара шаңырағы, Қызылордадағы басты оқу орнынан түлеп ұшқан жастар бүгінде ел ағалары атанған. Арман асуынан сүрінбей өтіп, өмір белесін бағындырған олар өздерінің білім дейтін күрмек су ішкен жерін ұмытпаған. Ата атанып, немересінің қызығына тоймай жүрсе де, жастықтың қызыққа толы күндері көкірек терезелерінен айқын көрініп тұрады. Көңілдің қартаймайтыны, жастықтың ыстық естеліктері ешқашан суымайтыны осы түлектердің жан тебіреністерінен анық сезіліп тұрды.

1974 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірген 310, 320-топтарында оқыған түлектердің кездесуінде сағым жылдардың сырлы естеліктері толассыз айтылып жатты. 22 маусым күні түлектер өмір тарихтарына шегініс жасап, бір күн студент болып көрді.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің №6 оқу ғимаратының алдында жиналып, киелі оқу орындарының табалдырығын қайта аттады. Одан соң түлеккер ректордың қабылдауында болып, өткен шаққа бір көз жүгіртіп өтті. Қаншама уақыттан өтсе де, білім нәрімен сусындаған жерін ұмытпаған шәкірттер ұлағатты ұстаздарын еске алып, студент шақтағы парта мен орындықтарға отырып, суретке түсті. Жас күндерінде құлын тайдай тебісіп тете өскен замандастар өмірден ерте өткен достарын да ұмыт қылмай, құран бағыштап, ескі достарын сағынышпен еске алды. Жыл жылжыған сайын жайдары күндері артта қалып, әрбір уақыт қайта келмес тарих болып қалуда. Сондықтан ба екен, 50 жылдықты күтпей, ерте тойлаудың өзі алтын уақыттарының қадірін білгендіктен болар.

Жастық жалыны өшпеген, болашаққа деген көзқарастары ерек түлектер қаланың көрікті жерлерін аралауды құп көріпті. Олар Қызылорда қаласының тарихи танымдық орындарында болып, көрікті жерлерге саяхат жасап та үлгерді. Қырық төрт жылда өзгерген Қызылордаға тамсана қараған түлектер Қорқыт ата ескерткішін, «Ақмешіт-Сырдария» мешітін, «Тағзым» алаңын, «Достық» үйін, «Сыр сүлейлері» аллеясын, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішті, «Сыр-Ана» монументін, ҚР Рәміздер алаңын, Тұңғыш Президент саябағын, Тәуелсіздік даңғылы мен сол жағалауда салынып жатқан ғимараттарды түгелдей аралап, қаладағы қарқынды құрылыстарға куә болды. Сыр елінің орталығында ұйымдастырылған серуен түлектердің ойынан шығып, қала көркіне жоғары баға берді.

Айдар САЙЛАУОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 2-курс студенті

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 маусым 2018 г. 700 0