Жаңа әліпбиге көшу: Емле ережелер таяу уақытта дайын болады

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жоспарына сәйкес жаңа міндеттер жүктелді. Бұл туралы Парламент Сенатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығын іске асыру бойынша Министрлік бірқатар жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының аталған Жарлығы негізінде Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия және оның жанындағы жұмыс топтарының жоспарлары бекітілді.  Осы бағытта бірқатар шаралар қолға алынды», - деп тоқталды А. Мұхамедиұлы.

Министрлік  қазіргі кезеңде жаңа әліпбиге көшу барысында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндау, түсіндіру, әдістемелік көмектер көрсету мақсатында тиісті ғылыми шаралар жүргізді. Оған Ұлттық комиссия және жұмыс топтары мүшелері, Парламент депутаттары,еліміздің жетекші лингвист ғалымдары қатысты. «Жаңа әліпбидің емле ережелері кең түрде талқыланып, оның тұжырымдамасы мақұлданды. Осы тұжырымдаманың негізінде  көпшілік қолданысына енетін емле ережелер таяу уақытта дайын болады. Бұл бағытта министрлік жанынан Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми тәжірбиелік орталығы құрылды. Орталықтың қызмет аясы кеңейіп, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жаңа міндеттер жүктелді», - деді министр.

 Бұл ретте инновациялық IT технологияларды қолдана отырып, балалар мен ересектерге арналған онлайн-қосымшалар, электрондық нұсқадағы оқу курстарын әзірлеу; латын графикасына мәтіндік қайта кодтаушыға арналған конвертер бағдарламасын және IT қосымшасын әзірлеу; қазақ әліпбиін латын графикасына ауыстырудың негізгі аспектілері туралы азаматтарды ақпараттандыру деңгейін анықтау бойынша әлеуметтанушылық зерттеулер жүргізу; қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін бейне блоктар әзірлеу ескерілген. Сонымен бірге, А. Мұхамедиұлы орталықтың ғылыми әлеуеті артып келе жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда мұнда ғалымдар мен білікті мамандар тартылды. Қазір Ұлттық ғылым академиясының академигі, 2 ғылым докторы, 6 ғылым кандидаты жұмыс жасауда.



ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 маусым 2018 г. 423 0