Ұлтқа ұпай әкелетін жоба

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Жас Отан» Жастар қанатының «Отан-Ана» жобасы басталды. Бүгінгі жас буынның ел тарихын танып, баба дәстүрін жалғастыруы ұлтқа ұпай әкеледі. Осы мақсатта облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының белсенділері және «Жасыл ел» еңбек жасағы Сырдария ауданында орналасқан Қалжан Ахун мешіт-медресесінің тарихымен танысты. 

Сыр бойында халықты имандылыққа тәрбиелеп, мешіт салдырып, медресе ашқан діни ғұламалар көп. Бұқарадағы әйгілі «Көкілташ» медресесінде он жыл білім алып, шариғат және заң саласын толығымен тәмамдаған Қалжан Бөлекбайұлы да білімін ел игілігіне арнап, мешіт-медресе салдырған. Философия, астрономия, математика, биология ғылымдарын меңгерген қоғам қайраткері діни лауазым – «ахун» атын иеленген. Араб, парсы, шағатай тілдеріне жетік Қалжан ахун жастарды оқу-білімге шақырып, халқын отаршылдық қамытынан азат етуді ойлайды. Сөзіміздің дәлелі, діни қайраткер атындағы мешіт-медреседе астрономия, жағырапия, биология, құқықтану, математика, діни сауат ашу дәрісханалары болған. Демек, медресе шәкірттері қазіргі білім беру стандартындағы оқу пәндерін де игерген. Ел Қалжан ахун аты аталса, имамға Абайдың әкесі Құнанбайдың бата сұрап келген сапарын аңыздай қылып айтады. Меккеге қажылыққа аттанған Құнанбайға Қалжан ахунның ағасы Бозжанның «Ер тілегі болса, қалсын, Ел тілегі болса келсін» деп бата беретіні сол кез.

ХХ ғасырдың басында бой көтерген мешіт-медресе бүгінде республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарында. Бұл жерде Қалжан ахунның өзі тұрған үйінің де орны бар. Өткенге шолу жасау мақсатында Сырдарияға сапарлатқан жастар Қалжан ахунның өмір тарихына ғана шолу жасаған жоқ, сол бір қилы кезеңдердің тарихын таныды.

 

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы». 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 маусым 2018 г. 669 0