СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Айдын Қайруллаев мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімінде қызметшілермен кездесіп, жемқорлықпен күрес жолындағы жаңа міндеттер жайында семинар кеңес өткізді.

Жиында, Елбасы Жолдауында нақтыланған 10 міндетті атап өтіп, оның ішінде жемқорлықпен күрес, қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайын қарастырған 9-шы міндет төңірегінде тереңірек тоқталды.

– Сыбайлас жемқорлықтың бір көрінісі – заңды білмеу салдарынан туындаса, екінші көрінісі заң­сыз жолмен қосымша табыс табу әрекетінен туындап жатады. Сондықтан, заңды білмеу жазадан құтқармайтынын жадымызда ұстап, құжаттарды рәсімдеуде аса мұқият болу қажет. Қоғамда өршіп тұрған басты мәселе болғандықтан, сыбайлас жемқорлық көрінісін дер кезінде хабарлаған ләзім. Егер жедел хабарланбаған жағдайда қызметшінің өзі сыбайласқа айналып кетуі ғажап емес. Сондықтан немқұрайлы қарамауларыңызды сұраймыз. Бізде мұндай келеңсіз жағдайлар орын алған жоқ. Әрдайым абырой биігінде жүрулеріңізді сұраймын, – деді Айдын Бөкенбайұлы.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыс бойынша филиалы жаңа бастаманы көтеріп отыр. Енді ротация арқылы бөлім қызметкерлері 3-4 ай сайын қызметтерін ауыстырып отырады. Бұл өз кезегінде сыбайлас-жемқорлық істеріне тосқауыл болмақ.

Семинар соңында филиал басшысы Айдын Қайруллаев автодром жұмысымен танысып, қызметкерлерге сәттілік тіледі.


Гүлнәз Бадрақова.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 шілде 2018 г. 482 0