Ұлы даланың мұрасы ұрпаққа мирас

Кеше облыстық «Рухани жаңғыру» орталығында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға арналған дөңгелек үстел болып өтті.
Зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, мәдениет, білім қызметкерлері қатысқан басқосуды облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов ашып, қоғамдық ойды қайта құруды қозғап, рухани мұраларымызды ұрпаққа аманаттаудың жолдарын көрсеткен Елбасының бағдарламалық мақаласының мән-мағынасына тоқталды.
Міне, дәл осы рухани жаңғыру аясында облыс әкімінің қолдауымен айтарлықтай жұмыстардың атқарылып келе жатқанын, соның бір көрінісі биыл ашылған «Рухани жаңғыру» орталығы екенін айтып өтті. Сонымен бірге зиялы қауымды аймақ басшысы атынан 27 қараша күні Маврики республикасында өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитетінің үкіметаралық отырысында Қорқыт мұраларының ЮНЕСКО тізіміне алынуымен құттықтады. Бұл әлемдік ұйымның тізіміне дүние жүзінен 300-ден аса жәдігерлік енгізілсе, соның 8-і қазақстандық мәдени мұра болып тіркелген. Сондай-ақ, Р.Рүстемов 27 елдің өкілдері қатысқан әлемдік отырыстағы Қорқыт мұраларының таныстырылымына қатысып қайтқан мәдениет қызметкері Ж.Құрамысова мен қобызшы М.Мұхамеджанға алғыс білдірді.
Мұнан соң «Рухани жаңғыру» орталы­ғының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Н.Мыңжас сөз алды. Ол өз сөзінде орталық тарапынан 11 айда 117 шара өткізілгенін, бірақ атқарылған жұмыстың шара санымен бітпейтінін, рухани жаңғыру аясының кең мағыналы екенін жеткізді. Орталық алдында тұрғындарды толғандыратын мәселелерді көтере біліп, әлеуметтік мәселелерді талқылау, жас ұрпақ бойындағы ұлттық сезімге серпін беру секілді міндеттер тұрғандықтарын атады.
Келесі сөзді алған ҚМУ-дың архео­логия және этнография ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымда­рының кандидаты Ә.Тәжекеев «Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын тәуелсіздік жылдары жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесіне негізделген деп айтуға болады» – деді.   Сыр елінде 50-ден астам ортағасырлық қалалардың орны бар екенін, кеңестік кезеңде олардың Ресей тарапынан зерттеліп, бір ғана қола дәуірі көсемдері жерленген Түгіскен қорымынан 250 бүтін қыш құмыраның Мәскеуге әкетілгенін тілге тиек етті. Сондықтан Елбасымыз өз мақаласында бізге рухани мұраларымызды аршып алып сақтауды ғана емес, оны ұрпақтың рухани құндылығына айналдырып, арғы тегімізді тануды тұжырымдап берді.
Ғалым осындай ойларын ортаға тастады.
Дөңгелек үстелде сөйлеген «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім меңгерушісі, этнограф ғалым С.Қосанов Қызылордадан барлық жәдігерлікті бір орталыққа топтас­тыратын үлкен музей салынса деген пікірін білдірсе, филология ғылымдарының докторы Б.Кәрбозов Қызылорда мемлекеттік университетінің Сыр бойы фольклорлық антологиясын жинақтап шығаруға әлеуетті екенін айтты. Ғалым сонымен бірге ауыз әдебиеті үлгілерін 100 томдық қылып шығарып отырған  дүние жүзіндегі жалғыз ел қазақ елі екенін айта келіп, халқымыздың шығармашылық қабілетінің орасан мүм­кіндігін ұрпақ тәрбиесіне пайдалану ісіне аталысуға ғалымдар қашан да дайын деп ой түйді.
Сөз алған ақын Ш.Әбдікәрімов «Ұлы да­ланың жеті қыры» біздің құндылығымыз ғана емес, қорғанымыз боларлық дүниелеріміз екенін поэзия тіліне салып, тебірене жеткізді. «Өйткені Ұлы даланың жеті қыры – Ұлы даланы сақтаудың өлшемі» –  деді ақын.
Дөңгелек үстелде профессор Қ.Құдай­бергенов, жырау Ж.Аққұлов өз пікірлерін білдірді. Олар Ұлы дала есімдері мен құндылықтарын бейнелейтін көріністерді 817 шақырым облыс аумағын басып өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодаңғылы бойына орналастыру, ЖОО-ға археология, тарихшы мамандықтары бойынша көбірек грант бөлу, зерттелмей жатқан сүлейлер мұрасын жыраулар даусымен жаздырып бейнежазбалар жасату секілді мәселелерді ұсынды.
Дөңгелек үстел қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов қоз­ғалған мәселелер хақында, оның ішінде Сыр­дарияның сол жағалауынан рухани мұралар музейін салу, «Қорқыт» журналын шығару, фольклорлық антологияны жинақтап бастыру, жас ғалымдар мектебін құру, басқа да мәселелерді есепке алу қажеттігін айтты.
Үш жұмыс күні ішінде Қорқыт ата атындағы ҚМУ, «Рухани жаңғыру» орта­лығы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы біріге отырып, облыс әкіміне ұсыну үшін іс-шара жоспарын түзуді тапсырды.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
"Сыр бойы".
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 желтоксан 2018 г. 102 0