"Қазақ әдебиеті" газетіне – 85 жыл

Ұлттық рух жаршысына айналған, елдің рухани-мәдени әлеуетінің дамуына зор үлес қосып, ақын-жазушылардың шығармаларын үздіксіз насихаттап, ұлт руханиятына қызмет етіп жүрген ұлттық басылым – "Қазақ әдебиеті" газетінің жарық көргеніне – 85 жыл. Массагет порталы ғасырға жуық тарихы бар ата басылымды 85 жылдық мерейтойымен құттықтайды.  

Маңдайшасына ""Қазақ әдебиеті" ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын!" деп жазылған басылым алғашқы жылдары (1934 жыл) Совет жазушылары Қазақстандық комитетінің тілі (органы) ретінде жарық көріп тұрды. Газеттің тұңғыш редакторы – Ғабит Мүсірепов, жауапты хатшысы – Мұхамеджан Қаратаев. Редколлегияға Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ілияс Қабылов, Әйтеке Мусин, Ғабит Мүсірепов және Мұхамеджан Қаратаев мүше болды. 1934 жылдан 1940 жылға дейін әртүрлі уақытта кейде жылына 35 кейде 2-ақ саны шығып тұрған газет таралымын мың данадан үш мыңнан асатындай данаға жеткізді.

Алғашында 5 күнде бір рет шығады деп жазылғанымен бұл реттілік сақталмаған.  "Қазақ әдебиеті" он бес жылдық үзілістен кейін 1955 жылы 14 қаңтарда қайта жарық көрді. Қайта жарық көрген басылымның бас редакторы болып Сырбай Мәуленов тағайындалды. Осы жылы "Қазақ әдебиетінің" 51 нөмірі жарық көрсе, 1956 жылдан қазіргі күнге дейін аптасына 1 рет, жылына 52 саны шығатын жүйесі қалыптасты. 1956 жылы газет бетінде аса өзекті ұлттық мәселелер көтерілген кезең болды. Осы жылдары Р.Бердібаевтың "Ең үлкен мәдени байлық" (1956, 22 сәуір), Ә.Нарымбетовтың "Ана тілін ардақтайық" (1956, 1 маусым), М.Қаратаевтың "Қайта қарауды қажет ететін мәселе" (1956, 10 тамыз) Партия тарихы институтының бір топ ғылыми қызметкерлері – Т.Кәкішев, Р.Сәрсенбаев, Х.Хасенов, Т.Әлімқұлов, А.Байшин, А.Мұқтаров, Қ.Әбілдаев, Қ.Әлиасқаров қол қойған "Тіл мәдениеті" (1956, 17 тамыз) атты атышулы мақалалары бірінен соң бірі жарық көрді.  Бұл жарияланымдар қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Газетте жарық көрген осы мақалаларға орай ҚКП Орталық Комитеті 1956 жылы 10 желтоқсанда "Қазақ әдебиеті" газетінің қателіктері туралы" жасырын қаулы қабылдады. (ҚР Президент архиві, 708 қор, 30-тізім, 168-іс). Қаулының қарарында газеттің жіберіп отырған саяси қателігі барынша айыпталды. Газет редакторы С.Мәуленов Орталық Комитетте жазаға тартылды.

 Қазақ әдебиетін дамыту жөніндегі жемісті жұмысы және еңбекшілерді тәрбиелеу ісімен белсенді қатысқаны үшін "Қазақ әдебиеті" газеті 1984 жылы 50 жылдығына орай "Халықтар достығы" орденімен марапатталды.  Халық жазушысы Шерхан Мұртаза бас редактор болған кезеңде көптеген журналистер осы басылымда еңбек етіп, шыңдалып, соның арқасында қазақ қаламгерлері арасында "Шерханның шекпенінен шыққандар" деп аталып жүрген толқын дүниеге келді.  Тәуелсіздік алғанан кейін де рух жаршысына айналған газетті танымал ақын-жазушылар басқарды. Қазірде газет елімізге белгілі жазушы, журналист Дәурен Қуаттың басшылығымен апта сайын шығып келеді.

massaget.kz
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 қаңтар 2019 г. 377 0