Қазалы ауданы: бірнеше ауылда саябақ салынды

  Бүгін Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев аудан тұрғындарының алдында қорытынды есеп берді. Есеп беру жиынына облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов арнайы қатысты.

Аудан басшысы өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын саралап, алдағы міндеттерді де жеткізді. Өткен жылдың басында аудан бюджеті 14 млрд. теңге болып бекітілсе, жыл соңында 20 млрд. теңгеден асқан. Жалпы, Қазалы ауданы бюджет көлемі бойынша облыста Қызылорда қаласынан кейінгі орында.

– Былтыр Ақтан батыр, Пірімов, Ақсуат ауылдарына орталық саябақтар салынды. Абаттандыру жұмыстары биыл да жалғасады. Бозкөл, Шәкен, Бірлік, Сарбұлақ елді мекендерін абаттандыруға аудандық бюджеттен 71 млн. теңге бөлінген. Ал Қазалы қаласына газ апару үшін тиісті қаржы бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар, демеушілік есебінен Ғани Мұратбаев ауылына көгілдір отын жеткізу жұмыстарының жоба-сметалық құжаттарын әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Мұны мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде іске асыру үшін келісім жүргізіліп жатыр. Әйтеке би кентінде қалып қойған тұрғын үйлерді толықтай газ желісімен қамту үшін аудандық бюджеттен 12,0 млн. теңге бөлініп, жоба әзірленді, – деді аудан басшысы.

        Жиын барысында облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Самұрат Имандосов аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың есебіне өзінің оң бағасын беріп, «РЗА» АҚ тауарлы сүт фермасының екінші кезеңін іске асырудың инфрақұрылымы туралы ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ жиында еңбек ардагері Рыстығұл Ботабай жол мәселесі, бірқатар жастар кәсіп ашуға байланысты сауалдарын қойды.

 

 

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қаңтар 2019 г. 308 0