«Senim»-нің сыйы

Өткен сенбі бірқатар қызылордалық үшін тосын сыймен басталды. «Қызылорда» Автобус паркі» ЖШС ұйымдастырған акцияда 50 жолаушы жеңімпаз атанды. Акцияның шарты тым қарапайым. Қоғамдық көлік жолақысын «Senim» мобильді қосымшасы арқылы төлеп, акцияға автоматты түрде қатысу мүмкіндігіне ие боласыз не 15 жолақы билетінің фотосын арнайы сайтқа жолдайсыз. Сыйлық – «Smаll» сауда орталығында сауда жасауға 3 мың теңгелік сертификат.
 – Қазір елімізде барлық саланы цифрландыру, автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде. Жолақыны электронды түрде төлеу ашықтықты қамтамасыз етеді әрі кондуктор мен жолаушы арасында жиі туындайтын түсінбестіктің алдын алады. Кейде жолаушы «жолақыны төледім» деп, ал кондуктор «мен алмадым» деп дау басталатыны бар. Қазіргі уақытта «Senim» қосымшасы үлкен сыйымдылықтағы автобус жолау­шылары үшін ғана қолжетімді. Жеке автобустардың есепшоты бөлек болғандықтан, бірден «Senim» қосымшасын енгізе алмадық. Алдағы уақытта қаладағы барлық автобустарда мобильді қосымша қолданылатын болады, – деді «Қызылорда» Автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары Қанат Рахметов.
Бүгінде «Senim» мобильді қосым­шасы Қызылордадан басқа, Алматы, Астана, Шымкент қалаларында да енгізіліпті.
Ал, жолақы арқылы жеңімпаз атанғандардың бірі – Динара Есжанова. Теміржол саласында жұмыс істейтін қала тұрғыны Тасбөгет кенті мен теміржол вокзалы арасына тек үлкен сыйымдылықтағы автобустармен қатынайды екен. Оның айтуынша, «Senim» қосымшасы жолаушы үшін ыңғайлы. Тиын санап әуре болып, кондуктордың артық ақша қайтаруын күтудің керегі жоқ. Автобустағы QR кодқа смартфоныңызды жақын­датсаңыз не автобустың мемлекеттік тіркеу номерін қосымшаға енгізсеңіз болғаны жолақы төленгені туралы хабарлама экранға шығады.
Акцияның осылайша екінші аптасы қорытындыланды. Алғашында 52 адам бақ сынаса, екінші аптада қатысушылар саны 84-ке жеткен. Сыйақы ұтып аламын деушілерге әлі де мүмкіндік бар, себебі акция ақпанның 8-не дейін жалғаспақ.
Айдана ЖҰМАДИНОВА.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қаңтар 2019 г. 360 0