Театр жастары сыйлаған жылу...

       Облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының  Жастар труппасы  2019 жыл  -  Жастар жылы аясында  №1 облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына арнайы барып, қызмет алушылар назарына концерттік бағдарлама ұсынды. Әні мен биі үйлескен, театр қойылымдарынан үзінділер қазынаға толы қариялардың   көңілін аулап, үлкен қуаныш сыйлады.

      Сонымен қатар, Сыр өнерінің бас театрында 30 жылға жуық қызмет атқарған ардагер, осы мекемеде қызмет алушы Раиса Балышева апамызға да үлкен құрмет көрсетілді. Концертте   театр репертуарындағы Қ.Жүнісовтың «Ғашықтар хикаясы» комедиясынан үзінді ұсынылды. Театр жастарымен бірге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ү.Бегімова, Мәдениет қайраткерлері Б.Ботбаев, З.Төлеповалар ардагер аға-апаларымызға ыстық лебіздерін білдіріп,  өнерлерін паш етті. Жастар жылындағы театрдың жастар труппасының қазыналы қарттарымызға өнер тартуы барысында №1 облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы директорының орынбасары Ержан Ақшалов театр ұжымына үлкен алғысын білдірді және күндізгі бөлімде ем алушы ардагер Нағашыбай Тұяқбаев ағамыз жастарға  ақ батасын беріп, барша ардагерлер атынан алғысын айтты.

       Айта кету керек, Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының жастар труппасы Жастар жылы аясындағы алғашқы ұжымдық еңбекті  №1 облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан бастады. Алда жоспарлы түрде атқарылатын «Сахна сыртындағы әлем» (қойылымға тұтас еңбек еткен қызметкерлер туралы танымдық жоба), «Таланттан тұлға» (сахнагерлер туралы жоба), «Сахна керуені» (аудан, ауыл, мекемелерге қойылымдар қою), «Менің үлесім» (қоғамға пайдалы бейнероликтер түсіру) атты арнайы жобалар мен жылдық жоспарға сәйкес сахналанатын жаңа қойылымдарға үлкен дайындық жұмыстары жүргізілуде.


Ұ. ҚЫЛЫШБАЕВА, 

театр әдебиет бөлімінің қызметкері.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 ақпан 2019 г. 58 0