Кітапхана көше көркіне айналды

Қымбат қазына саналатын кітап қай кезеңде де өз құндылығын жоғалтпаған. Асыл мұраның рухани даму үшін адамға тигізер пайдасы да зор. Бүгінде кітапқа де­ген қызығушылықты арттыру мақсатында түрлі мүм­кін­діктер жасалуда. Өткен заманда кітапты жанына серік еткендер іздеп жүріп оқы­ған болса, бүгінде барлық тақырыптағы кітап түрлерін кез келген кітапханадан, кітап дүкендерінен, ғаламтордан, со­лар­дың қатарында көшедегі кітап сөре­лерінен таба алатын болды.

Көше кітапханасының бас­­­­тамашылары Тодд Бола мен Рик Брукс есімді оқы­мыс­тылар. 1895 жылы Америкада басылымдар мен әде­биет­ті кең насихаттау үшін олар көше кітапханаларын жасаған. Сөйтіп штаттың ірі қалаларының әр жеріне кітап қоятын жәшіктер орнатып, оны өздері «Little Free Library» деп атаған. Бұл сөз «Кішкентай тегін кітапхана» деген ұғымды білдіреді. Халықты тегін сауаттандыру мақсатында жасалған бастама білімді, зиялы адамдар тарапынан қолдау тауып, бес жылда штатта алты мыңнан астам шағын кітап жәшіктері пайда болған.

Бұл бастама Сыр өңірінде де қолға алынып, үлкенді-кішілі елді мекендер де өз оқыр­мандарын тауып жатыр. Көше кітап­ханасының ерекшелігі сіз оқырман билетінсіз, ақ­ша­сыз түрлі тақырыптағы кітап­тармен таныса аласыз. Ең бас­тысы, кітапты оқып болған соң, қайтадан әкеп қоюыңыз шарт. Көше кітапханасына өзі­ңіз­дің жеке кітапханаңыздан  кітап қоссаңыз, бұл да бір игі іс болмақ.

Облысымызда алғаш Қа­залы ауданында жүзеге асқан қанатқақты жоба кітапқұмар жандардың көңілінен шықты. Ауданның әр жерінен ашылған көше кітапханасына 180-нен астам кітап қойылған. Бұл жоба мұнан әрі Сырдария, Жалағаш аудандарында өз жалғасын тапты.

Аудан тұрғындары мен ардагерлері өздерінің жеке кітап­тарын әкеліп, ашық ас­пан астындағы білім сөресін то­лық­тыру үстінде.

                                                                              

Мәдина ЖҰМАДІЛДАЕВА,

ҚМУ-дың студенті.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 наурыз 2019 г. 536 0