Театр жастарының тартуы

Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының жастары көрерменге шығармашылық кеш сыйлады.
Жастар жылы аясында ұйымдастырылған «Театр жастары шақырады» атты шара жастар труппасының қатысуымен өтті. Кеште ән шырқалып, би биленді. Ғ.Мүсіреповтің «Ақбаян», С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» спектакльдерінен үзінділер, пантомималық көріністер қойылды. Көпшілік театр жастарының жетістіктері мен бастамалары жөніндегі сюжетті тамашалады.
Өнер ұжымы Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласы шеңберінде игі істердің бастамашысы болып жүр. Жастар труппасы оқу орындарының студенттері мен арнаулы мекемелердің қызмет алушылырына арнап концерттік бағдарламалар ұйымдастырды. «Нартай бүлдіршіндері» қуыршақ тобы қаладағы №7 арнаулы түзету мектеп-интернаты мен бірқатар балабақша тәрбиеленушілеріне арнап қойылымдар мен қызықты ойындар ұйымдастырды.
Белсенді шығармашыл жастардың алған асулары да аз емес. Театр артисі Қанат Архабаев облыс әкімінің, жастар труппасының жетекшісі Асқар Оразалиев қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Шара барысында назарға ұсынылған қойылымдар мен ән-билер көрермен көңілінен шығып, зор қошеметке ие болды.


Мәдина ЖҰМАДІЛДАЕВА,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің студенті.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 наурыз 2019 г. 316 0