ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ АЛҒАШҚЫ НАУРЫЗ ОСЫДАН 30 ЖЫЛ БҰРЫН ТОЙЛАНДЫ

  Жарыққа шыға бастағанына биыл 90 жыл толатын «Сыр бойы» газеті аймақтың хатқа түскен шежіресі іспетті. Облыстың әлеуметтік-экономикалық, рухани өміріндегі арғы-бергі тарих сарғайған парақтарда сайрап тұр. «Сыр еліндегі Наурыз мерекесі жарты ғасырдан астам үзілістен кейін алғаш рет қалай және қашан аталып өтті?» деген сұрағымызға жауапты осыдан 30 жыл бұрынғы тігіндіден таптық. 1989 жылы сәуір айының басында Қызылорда қаласының орталық алаңында Ұлыстың ұлы күні тұңғыш рет тойланды.

Газетіміздің сол 1989 жылғы наурыз айындағы нө­мір­лерінде «Наурыз – жыл басы, еңбек мерекесі» деген айдар пайда болып, «Үлгі тұтар дәстүр» атты мақалада Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылының мерекеге әзірлігі суреттелген. Кейінгі нөмірлерде «Ежелгі дәстүр өркені», «Ел қуанышы», «Көктем шуа­ғын­дай», «Көктем салтанаты», «Қайта оралған той» деп аталатын мақалаларда Нау­рыз мейрамының аудан­дар мен облыстың еңбек ұжым­дарындағы аталып өт­кені туралы жазылған.

Облыс орталығындағы ал­ғашқы Наурыз мерекесінің сәуірдің басында тойлануына не себеп болды? Бұл сұрақтың да жауабы басылымда сақтаулы екен, яғни 26 наурыз күні СССР Халық депутаттарының сайлауы өтіпті. Шамасы, ұйымдастырушылар аса жауапты саяси науқанды атқарып алған соң халықтық мерекеге көңіл бөлгенге ұқсайды.  

Содан бір жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 1988 жылы 30 наурыз күнi еліміздің сол кездегі астанасы  Алматыдағы М.Горький атындағы демалыс паркiндегі тұңғыш Нау­рыз мейрамына жүз мыңдай адам жиналған еді. Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Наурыз нағыз ұлттық мерекеге айналды. 

«Сыр бойының» 1989 жыл­ғы 4 сәуірдегі нө­мірін­де жарияланған «Наурыз ме­ре­кесінің шеруі: Қызыл­орда қаласындағы В.И.Ленин атындағы орталық алаңда бо­лып өткен  Наурыз мере­ке­сінен репортаж» деген та­қырып бірден көзге түседі. Репортажды газет тіл­ші­ле­рі Ж.Қожабергенов пен Т.Еңсегенов «сағынтып жеткен Наурызды сазды әуен, сал домбырамен алты жасар баладан еңкейген кәріге дейін құшақ жая емірене қарсы алып жатыр Сыр елінің мейірманды ел-жұрты» деп бастапты. Халықтың асып-тасыған көңі­­лінен «кеткеніміз келді, кем­тігіміз толды, өшкеніміз жанды» деген ойды оқып, ақ тілеулі ағайын жаудырған ті­лек-ба­таларды әңгімеге өзек еткен. «Алаңда ине шаншар жер жоқ. Лық толы ха­лайық. Буы бұр­қыраған палау, екі иығынан деп алған самаурын. Жаныңызға не керек, бәрі-бәрі тұр. «Жыл басы» атты әдеби-музыкалық композиция, қыс пен көктемнің ауысуы, ардагерлер мен сәбилердің шынайы жүздесулері, Алдаркөсе, Қожанасыр, Тазша бала және көркемөнерпаздар үйір­ме­ле­рінің кезек-кезек өнері ор­талықтағы сахна төрін бір босатпады» делінген. 

Алғашқы Наурыз мере­ке­сінде пікір білдіргендер қа­тарында қазір ел ағасына айналған әйгілі жырау Алмас Алматов та бар. «Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, термеші Алмас Алматов: – Алматыда өткен, сосын Қармақшының ауылдық жерлерінде тойланған Нау­рыз­дың куәсімін. Әрине, астанамен салыстыруға болмас, бірақ өз ауылымдағы мереке нағыз халықтық сипатта өтті. Жырау жігіттер жараулы атқа қонып, таңсәріден көше-көшені аралап, Наурыздың басталғанын жырмен хабарлады. Әр көше өзінше бәйгеге ат қосқандай бөлек өткізді. Мереке соңы кім жақсы дайындалды деген бәсекеге, бас бәйгені жеңіп алуымыз керек деген құлшыныспен өтті. Өнер жарысы – өз алдына бір төбе» деп жазылған репортажда. 

Содан бастап сәуірдің соңына дейін жер-жерде тойланған Наурыз мерекесі туралы хабарлар газет бетінде үзбей жарияланып тұрыпты. Жаңару мейрамының осындай жалпыхалықтық  сипат алуы Наурыздың ұлттың тамырында сақталғанын, санада жаңғыратын уақытты күткенін байқатты.

Негізі 1921 жылы 5 наурызда Орынборда өткен  Казақстан Автономиялы Республикасы орталық атқару комитетінің төралқа мәжілісінде Құрбан айт пен Ораза айтқа 3 күн,  Наурыз мерекесіне 1 күн  демалыс беру туралы қаулы қабылданған. Арада 5 жыл өткенде, яғни 1926 жылы Нау­рызды тойлауға мүлде тыйым салынған екен.

Ал 2010 жылдың  10 мамырында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 21 наурызды «Халықаралық Наурыз күні» деп атау туралы қарар қабылдады. Сол жылдан бері елімізде Наурыз мейрамы 3 күн бойы, яғни 21-23 наурыз аралығында ресми түрде тойланады. Ал ЮНЕСКО 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Нау­рыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді.

Жыл келгеннен жақсылық, ізгілік күтетін әдетімізбен та­рих­тың тағы бір парағын жа­бамыз. Табиғат-ананың оян­ғаны, Жер-ананың бусан­ғаны тіршілік атаулыға жан бітіреді. Отыз жыл бұрын қайта жаңғырып, халыққа қуаныш сыйлаған Наурыз сол кезден бері жұртшылықпен бірге жасасып келеді. Үміт­терді жалғаған, тамырымызды тереңдеткен, берекені тасыт­қан Ұлыс күні бар игіліктерге бастау болғай!


Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 наурыз 2019 г. 143 0