Қазақстанда «Қызғалдақ сыйла» челленджі басталды

  20 наурыз күні Астана қаласының оң жағалауындағы Кенесары хан ескерткіші маңына жиналған бір топ жастар жолай кездескендерге гүл сыйлай бастады. «Nur Otan» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты ұйытқы болған «Қазақстан - қызғалдақтар отаны» республикалық акциясы мен «Қызғалдақ сыйла» челленджі осылай басталды. Аталған іс-шаралар Наурыз мерекесіне арналды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Челлендж бен акция тақырыбына қызғалдақтың таңдалуы кездейсоқтық емес - қызғалдақтың ұлттық игілігіміз екені айдан анық. Жер бетінде осыдан 10-15 млн жыл бұрын пайда болған қызғалдақтың Отаны - қазіргі Қазақстан Республикасы орналасқан аумақ екені белгілі. Қазақстанда қазірдің өзінде қызғалдақтың 38 түрі өседі. Бұл - жер бетінде өз бетімен өсетін, ғылымда белгілі 80 түрлі жабайы қызғалдақтың жартысына жуығы. Әдемі және күй талғамайтын бұл гүл адамзатпен етене өсті, көп ғасырдан бері адамзат оның 3 мыңнан астам түрін өсіріп шығарды. Өкінішке қарай, біздің елімізде қызғалдақты жаппай өсіру қолға алынбаған. Наурыз немесе 8 наурыз секілді мерекелерде гүлдің көпшілігі қызғалдақ өсіруді кәсіп еткен Голландиядан ұшақпен жеткізіледі. Бүгінде қызғалдақ өсіру, жаңа түрлерін жасап шығару мен сатуда еуропалықтар бүкіл әлемнің алдында келе жатыр. Соған қарамастан, бұл ғажап гүлдің бесігі, түп-тамыры бәрібір осы елде, сондықтан «Қазақстан - қызғалдақтың отаны» деп сеніммен айта аламыз. Міне, сондықтан «Жас Отан» жастар қанаты әрбір адамға үндеу жолдайды.
 - «Қызғалдақ сыйла» бастамасына үн қосыңыздар! Гүл сыйлаңыздар. Ал біз эстафетаны Алматы қаласына жолдаймыз. Акцияның келесі кезеңі сонда өтеді. Гүл тарту еткенде өз шаруасымен асығыс кетіп бара жатқан адамдардың қалай өзгеретінін, еріксіз жымиып, шынайы қуанышқа бөленетінін байқайсыздар ма? Өйткені, қызғалдақ - табиғаттың жаңаруының тірі символы, сұлулықтың белгісі», - дейді акция ұйымдастырушылары.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 наурыз 2019 г. 280 0