ЖАСАМПАЗ ИДЕЯЛАР ҚАЗЫНАСЫ

Назарбаев зияткерлік мектебінде Елбасы кітапханасының қызметкерлері «Елбасы Н.Ә.Назарбаев: өмірбаян және жасампаз идеялар» тақырыбында семинар-тренинг өткізді, деп хабарлады syrboyi.kz.
Семинар қатысушыларын «Елбасытану» элективті курсымен және ғылыми-білім беру қызметінің басты бағыттарымен Елбасы кітапханасы ғылыми-қолданбалы зерттеулер қызметінің жетекші ғылыми қызметкерлері Ләйла Омарова мен Әсия Оспанова таныстырды.
– Бүгінгі сабақ барысында Елбасы өміріндегі қызықты оқиғалар туралы айтылатын болады. Қазақ тарихында егеменді елді қалыптастыруда еңбегі зор Нұрсұлтан Әбішұлының есімі тек еліміздің ғана емес, әлемге белгілі айтулы тұлғалар қатарында аталады. Осындай тұлға туралы мәліметтер бүгінгі тренингте оқушыларға айтылды, – деді Л.Омарова.
Дәріс барысында тыңдаушылар назарына Елбасының туған жері, білім алған, еңбек атқарған өлкелерінде жүргізілген ғылыми-іздестіру жұмыстары нәтижесінде табылған маңызды материалдар ұсынылды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың оқушы шағында, 16 жасында алғашқы наградасын «жас натуралистер» ұйымының мүшесі ретінде Мәскеу қаласында иеленуі, 1985 жылы қытайлық жас мұғалім Чжоу Бай Сяомен хат жазысып, достасуы, Кеңестер Одағының озат жастарымен бірге съездер мен фестивальдарға қатысуы, әлемнің тұңғыш ғарышкері Юрий Гагаринмен бірнеше рет кездесуі, космонавт Валерий Быковскийдің қолынан ғарышта болған комсомол төсбелгісін алуы, бокс, күрес сынды спорт түрлерімен айналысуы туралы қызықты мәліметтер оқушылардың қызығушылығын туғызды.
Семинардың қолданбалы бөлімінде Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері Әсия Оспанова жастар бойына лидерлік қасиеттерді дамытуға бағытталған тренинг сабағын өткізді.
Семинар соңында Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларына сертификаттар мен «Біздің Президент» кітабы табыс етілді.

Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 сәуір 2019 г. 488 0