2 млн теңгені иесіне қайтарып берді

Ақтөбелік Сайлаубай Байменшин жолаушының ұмыт қалдырған 2 миллион теңге ақшасын қайтарып берді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе тұрғыны Сайлаубек Байменшин жол бойынан көлік тоқтатып мініп, діттеген жеріне барған жолаушысының қомақты ақшасы бар шағын сөмкені ұмыт қалдырғанын мүлде білмеген. Сол күні немерелерін балабақшаға апарып, аяқ астында қалған сөмкені көрді. Ішінде ақша барын көргенімен оны үйіне алып кірмеген, отбасымен ақылдасып телеарна арқылы жүгіртпе жол беруге келісті. Бірақ жолаушы сөмке толы ақшасын жоғалтып алғанын әлеуметтік желіге жариялап, көмек сұрады.
"Әлеуметтік желіге телефон нөмірі шыққан соң бірден хабарласып, өзім апарып бердім. Қуаныштан қолы дірілдеп кетті. Қолына сөмкесін алғанда ішіндегі ақшасын да санамады. Сол жерде менің жеке куәлігімді фотоға түсіріп алып, әлеуметтік желі арқылы да алғысын білдірді. Бұрын мұндай ақша тапқаным жоқ, бірінші рет кездесіп тұрмын", - деді Сайлаубай Байменшин. 
Ол Жаңажол газ өңдеу кешенінде механик болып жұмыс істейді. Үш баласы, немерелері бар. Жолдасы Сәуле Байменшинаның айтуынша, ақша жоғалтқан отбасы көлік тоқтаған дүкеннің де бейнекамерасын қараған екен. Бірақ, алыс болған соң көлік нөмірін анықтау мүмкін болмапты. "Сөмке ішіндегі ақшаны біз санамадық. Екі адамның жеке куәлігі болды. Жүгіртпе жолға хабарландыру беру немесе салық басқармасына барып, телефондарын білу туралы ойлаған едік. Өзі желіге жазған соң бірден телефон шалдық", - деді ол.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 сәуір 2019 г. 489 0