Мұғалімді кәсібіне қатысы жоқ жұмысқа тартқандарға айыппұл салынады

      «Педагогтар мәртебесі туралы» заң жобасы аясында қажетті нормалар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске де енгізіледі, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың айтуынша, маңызды мәселелердің бірі - ол мұғалімдердің құқықтарын қорғау. Аталған жұмыс үш бағытта жүргізіледі. Оның алғашқысы мұғалімнің кәсіби қызметіне араласуға жол бермеу. Екінші, педагогтың ар-намысын қорғау. Үшіншісі ұстаздарды кәсіби қызметіне қатысы жоқ шараларға тартуды тоқтату.

«Бұның бәрі заңда ғана көрсетілмейді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске де енгізіледі. Сонда нақты нормалар болады. Алдымен ескерту жасалады, одан кейін айыппұлдар салынады», - деді К.Шәмшидинова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында. Бұдан бөлек, «педагог» бірыңғай анықтаманы енгізу қарастырылған. Соған қарай барлық білім саласының қызметкерлерін келтіру керек.

Айта кетейік, «Педагогтар мәртебесі туралы» заң жобасын тамыз айында Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу жоспарланып отыр. Соның ішінде мұғалімдердің зейнетке шығу мәселесі де бар. «Қазір біз зейнеткерлік мәселесін басқа ракурста көтеріп жатырмыз. Мәселен, адам педагогикалық жоғары оқу орнын бітіріп, бірден мектепке жұмысқа келсе, сол жерде біраз уақыт жұмыс істесе, зейнетке шыққанда оның педагогикалық жоғары оқы орнында білім алған мерзімін де еңбек өтілі ретінде есептеу керек. Біз осындай мәселені көтеріп отырмыз. Соны тиісті мемлекеттік органдармен пысықтап жатырмыз», - дейді К.Шәмшидинова.


 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 сәуір 2019 г. 409 0