Қызылордалық полицей пара берген көлік жүргізушісін ұстап берді

Қызылордада полицейге 2 мың теңге сыйақы берген көлік жүргізушісіне 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Айта кетейік, 1 АЕК – 2525 теңге, - деп хабарлады syrboyi.kz сайты мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментіне сілтеме жасап.
Кентау қаласының тұрғыны жол қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық хаттамасын толтыртпау мақсатында Қызылорда қалалық жол полиция қызметкерлеріне 2 000 теңге сыйақы берген. Тәртіп сақшылары заңсыз сыйақы жөнінде құзырлы органдарға хабарлаған.
Заңсыз материалдық сыйақы берген азаматқа департамент әкімшілік хаттама рәсімдеп, сотқа жолдады.
– Көлігінің алдыңғы терезелерін қараңғылап алғанымен қоймай, жол сақшыларына заңсыз сыйақы берген азаматқа айыппұл салынды. Мұндай әкімшілік іс облыста алғаш рет қаралып отыр. Пара немесе заңсыз сыйақы алушымен қатар, оны беруші де қатаң жауапкершілікке тартылады, - дейді департаменттің бас маманы Мұрат Ысқақов.
Еске салсақ, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаның немесе оған теңестiрiлген тұлғаның 2 АЕК (5050 теңге) көлемінде заңсыз материалдық сыйақы, сыйлық, жеңiлдiк не қызмет алуы 600 АЕК-ге (1515000 теңге) дейінгі мөлшерде, ал оларға 2 АЕК дейінгі көлемде заңсыз материалдық сыйақы, сыйлық, жеңiлдiк беру не қызмет көрсету жеке тұлғаларға 200 АЕК (505000 теңге), заңды тұлғаларға 750 АЕК (1893750 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Егер сыйақы көлемі белгіленген көлемнен артық болса, онда ол пара ретінде бағаланады және ол үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылады.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 сәуір 2019 г. 1 233 0