Мемлекеттік қызметтерді саусақ таңбасымен алуға болады

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы мемлекеттік реестр тізіміндегі 752 қызметтің 621-ін  көрсетеді, қазір оның 80 проценттен астамы электрондық форматта қолжетімді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында филиал директоры Айдын Қайруллаев тарқатып айтты.
Бүгінде электрондық қыз­мет­терді кез келген адам үйінде отырып немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы «Connection Point» секторларында ала алады. Ол үшін азаматтарға электрондық цифрлық қолтаңба қажет немесе ол мобильдік азаматтар базасында тіркелуі тиіс. Бұл ретте айта кету керек, филиалмен өткен жылы үш жүз мыңнан астам қызылордалыққа ЭЦҚ берілген. Сонымен қатар 2 мыңнан астам тұрғын жүргізуші куәлігін онлайн режимде ауыстырған.
– Тұрғындардың цифрлық дағ­­­дысы жоғарылаған. Себебі, биыл «Connection Рoint» өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы мемлекеттік қызметтер көрсеткіші едәуір артты. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында да облыстық әкімдікпен бірлескен іс-қимыл жоспары 63755 адам цифрлық сауаттылық курстарынан өтіп,  сертификаттарға қол жеткізді. Одан бөлек, Қызылорда қаласындағы үш ЖОО-да студенттерге қызмет көрсету орталықтары ашылды. Филиал мамандары қыз­меткерлер үшін қысқамерзімді курстар ұйымдастырып, оқыту жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар корпорация ТМД елдері арасында алғаш болып мемлекеттік қызметтердің проактивті қағидатын енгізіп отыр. Оңтайландыру аясында іске қосылған жоба арқылы проактивті форматта туу туралы куәлік рәсімдеуге болады. Жоба іске қосылғалы бері облыс бойынша сәбилі болған аналарға SMS ұсыныс жолданды. Соның негізінде 5 мыңнан астам туу туралы құжат рәсімделді. Көптен күткен облыстық миграциялық қызмет көрсету орталығы да ашылды. Шетелден келген азаматтар бұған дейін салық мәселесі, ЖСН және медициналық анықтама алу үшін бірнеше жерге сабылып, 5-6 күнін жоғалтатын. Енді олардың да қажетті қызмет түрлерін «бір терезе» қағидаты бойынша  алуы­на мүмкіндік жасалды, – деді Айдын Бөкенбайұлы.
Филиал директоры құжаттар топ­тамасын және қызмет көрсету мер­зімін қысқарту бағытында бір­неше пилоттық жоба іске қо­сыл­ғанын да  хабарлады. Сондай-ақ, әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметтердің 43 түрі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы рәсімделетінін айтып, 2016-2018 жылдары мамандар зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыларды есептеу бойынша жалпы соммасы 249 млрд теңгені құрайтын 214 мыңнан астам қызмет көрсеткенін баяндады. Ал, ең басты жаңалық – Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тиімді жұмыс істеп тұрған биометриялық сервистің біздің өңірге жетуі. Енді қызылордалықтар мекенжай анықтамасы мен жылжымайтын мүлікке құқықтары туралы анықтама алу қызметтерін тек саусақ таңбасын пайдалана отырып алу мүмкіндігіне ие. Ол үшін бұрынғыдай электронды цифрлық қолтаңба немесе жеке куәліктің қажеті жоқ. Жобаға қатысу үшін азаматтардан оң және сол қолдың көрсеткіш саусақтарының іздері талап етіледі. Мемлекеттік корпорация жыл басында мемлекеттік қызметтердің ISO 9000 сериялы халықаралық сертификаттауынан өтіп, «Cаналы қызмет – сапалы нәтиже» қағидасын, «SANA» (senim, ashyqtyq, abyroi, natije) сандық мәдениет кодын да  жариялаған.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 сәуір 2019 г. 129 0