Асқардың тағы бір асуы

Бұған дейін газетімізде Н.Ілия­сов ауылының Асқар Жылқаев есімді түлегінің бағындырған биігі туралы жазған едік. Ол кезде Асқар республикалық «Үздік студент – 2018» жобасында топ жарып, жерлестерінің ерекше ықы­ласына бөленген болатын. Талапты жігіт жуырда тағы бір жеңісімен қуантты. ТМД елдерінің таңдаулы ЖОО студенттері арасында өткен байқауда марапат мінберінен көрінді.
– «Бөбек» Жалпыұлттық қоз­ға­лысы» заңды тұл­ға­лардың қауым­­дастық ны­са­нындағы бір­лестігінің ұйым­дас­тыруымен өт­кен кезекті жарыстан жүлделі орал­дым. Арнайы төсбелгі иеленіп, ҚР Мемлекеттік Елтаң­ба­сының ав­торы, белгілі сәулетші Жан­дарбек Мәлібековтің қо­­­лы­нан мадақтама алдым. Со­нымен қатар бізге  сайыс барысында белсенді деп та­нылған үздік студенттердің жеткен жетістігі жинақталған кітап табысталды. Алдағы уақытта ол Нұр-Сұлтан қала­сындағы Елбасы кітап­хана­сынан орын алмақ, – деді Асқар.
Ол сондай-ақ, бұл бай­қаудың үлкен мотивация сыйлағанын алға тартты. Айтуынша, сайысқа қатысуға 700-ден астам студент ниет білдірген. Соның 70-і ғана іріктеуден өтіп, қазылар алқасының оң бағасына ие болған. Бұл ретте Асқардың креативті деп танылуына ешкім шүбә келтірмегенін айту керек. Себебі, ол бұған дейін де интеллектуалды бәйгелерде жақсы нәтиже көрсетті. Дарынның ауылдан шығатынын дәлелдеді. Қазір Асқар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­вер­ситетінің ­жаратылыстану фа­ку­льтетінде оқиды. Жас кәсіпкер ретінде көпшілікке таныс. Талапшыл жастың болашаққа жүйелеген жоспары да көп. Ол ҚР Еңбек Ері Абзал Ералиевті өзіне үлгі тұтады, ағасының жолын қууды армандайды.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 сәуір 2019 г. 457 0