Жолды сақтау – қатынасқа қанат бітіру

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте облыстағы автомобиль жолдарының жағдайы сөз болды. Бұл туралы облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Пірназарова баяндады.
Аймақта республикалық маңызы бар 1016 шақырым, облыстық маңызы бар 476 шақырым жол бар. 2016 жылы көліктік бақылау барысында туындаған басты проблемалық мәселе белгіленген салмақ параметрлерін сақтамай жүк тасымалдайтын қытайлық ауыр салмақтағы жүк авто­мобильдерінің жұмыс істеуі болған.
Бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін инспекция жергілікті және әкімшілік полиция қызметтері, «Қаз­автожол» АҚ, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқар­масы, көлік прокуратурасы, «Nur Otan» партиясы секілді құзырлы органдармен бірлесіп, облыс әкімі бекіткен іс-шаралар жоспары шеңберінде біршама жұмыс атқарды. Соның нәтижесінде инертті жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау және жүк тасымалдау көрсеткіші 15 тоннаға дейінгі «Камаз» маркалы көлік құралдарының саны артқан. Мысалы, «ҚДСМ Қыран», «УАД» , «Қызылорда жолдары», «Шиелі тас», «Мелиоратор» секілді ірі мекемелер жүктерінің басым бөлігін теміржол арқылы тасымалдауға көшті. Сондай-ақ, Шиелі, Жаңақорған аудан­дарындағы карьерлерде жүк автокөлігін өлшейтін таразыларды орнату мәселесі де оң шешімін тапты.
Инспекция өкілі көктем және жаз мезгілдерінде ауыр салмақтағы жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу қойылуы жол желісінің сақталуына үлкен септігін тигізетінін де атап өтті. Мәсе­лен, жаз айларында ауа температурасы 25 С0-тан жоғары болған жағдайда жалпы салмағы 8 тоннадан асатын жүк көліктері қозғалысына күн­дізгі сағат 10:00-ден кешкі сағат 22:00-ге дейінгі аралықта шектеу қойылады. Өткен жылы әкімшілік құқық бұзғаны үшін 2219 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауап­кершілікке тартылып, 80,6 млн теңге айыппұл салынған.
Брифинг барысында журналистер сұрақтарына инспекция өкілімен қатар облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Тілеуімбетов пен «ҚазАвтоЖол» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Ерұлан Жүнісов жауап берді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 сәуір 2019 г. 1 019 0