Қазалыда пакетке оралған нәресте табылды

 Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде көшеден табылған шарана ит-құсқа жем бола жаздады, деп хабарлайды "Еуразия" бірінші арнасы.
Полиэтилен пакетке оралған сәбиді жабайы мысықтар жеуге оқталған. Абырой болғанда шақалақтың іңгәлаған дауысын естіп тұрғындар көмекке ұмтылған. Денесінде жаны бар сәбиді куәгер дереу үйіне апарып, кіндігін кесіп, жедел-жәрдем қызметкерлеріне берген. Ал тәртіп сақшылар қазір безбүйрек ананы іздестіру үстінде.
«Айы-күні жетіп туылған бала. Сәбидің кіндігі кесілмеген, жолдасымен жүр. Сонымен кіндігін кесіп, жедел жәрдем шақырып, перзентханаға алып кетті. Пакетті мысықтар тырналаған», - дейді Әйтеке би кентінің тұрғыны Перизат Аймағанбетова.
Көрер жарығы бар шақалақ бүгінде аудандық аурухананың перзентханасында жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, сәбидің денсаулығы қанағаттанарлық. Салмағы 2 келі 700 грамм. Оған ақ халаттылар Рамазан деп есім қойып үлгерген.
«Алған анализімізде жасаған басқа да тексерістерде нәрестенің денсаулығы жақсы деп айтуға болады. Баланың қазір құжаттары дайындалып жатыр. Біз Қызылордадағы сәбилер үйінің заңгерімен хабарласып, керекті құжаттарды дайындап, содан кейін Қызылордадағы сәбилер үйіне өткіземіз», - дейді Қазалы аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бақытгүл Алишева.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 мамыр 2019 г. 682 0