Байқоңырлық жұмыссыз әйел бірнеше эпизодты ұрлық жасаған

Қызылорда қаласының полиция басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында Қызылорда қаласында бірнеше пәтер ұрлығын жасаған Байқоңыр қаласының 24 жастағы тұрғыны, жұмыссыз әйелді құрықтады, - деп хабарлады syrboyi.kz басқарманың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 Полиция басқармасының кезекші бөліміне ағымдағы жылдың  қаңтар айынан бастап сәуір айлары аралығында бірнеше жәбірленуші арызданған. Олардың айтуынша, өз пәтерлерінен ақша және зергерлік бұйымдар ұрланған. Ұрлық көбіне күндізгі уақытта кілт іріктеу арқылы жасалған.
 Тергеу барысында күдіктінің зергерлік бұйымдар, ақша және басқа да құндылықтарды ұрлағаны анықталды. Сәуір айында күдікті азаматша аптасына екі рет пәтер тонауды бастайды. Тексеру барысында ол ұрлыққа қатысы барын жоққа шығармады.
 Сонымен қатар, күдікті азаматша жалдаған қонақ үйінің бөлмесінде елеулі дәлел ретінде ұрланған алтын және күміс зергерлік бұйымдары анықталып, ақша табылып, тәркіленді. Қазіргі таңда жәбірленушілерге келтірілген материалдық залал сомасы есептелуде.
Полиция күдіктінің 28 эпизодты ұрлық қылмысына қатысты екендігін анықтап, оған қатысты Қылмыстық кодекстің 188-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуде. Қылмыстық заңнамаға енгізілген өзгерістерге (3.02.2019ж.) сәйкес, бірнеше рет жасалған ұрлық ауыр қылмыстар санатына жатқызылып, енді тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылмайтындығын естеріңізге саламыз (7 жылға дейінгі бас бостандығынан айыруға жазаланады).
Осыған орай, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Полицейлер тұрғындарды әрдайым сақ болып, өз мүліктерінің  сақталуын қадағалауды сұрайды.



ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 мамыр 2019 г. 654 0