Қармақшыда цифрлық форматта республикалық олимпиада өтті

"Қазақстан тарихы" пәнінен цифрлық форматта Қармақшыда өткен республикалық олимпиадаға Ақтөбе, Түркістан, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласы, сондай-ақ Қызылорда қаласы мен аудан мектептерінің оқушылары қатысты.
Республикалық пәндік олимпиада КСРО білім беру ісінің үздігі Сәден Нұртаевтың құрметіне ұйымдастырылды. Қармақшы ауданы Ақжар ауылындағы №28 мектепке еңбек еткен білікті ұстаз Сәден Нұртаев ұзақ жылдар бойы "Қазақстан тарихы" пәнінен сабақ берген. Ағартушылық қызметтегі еңбегі мен тәжірибесі бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық ұстаздың атында заманауи үлгідегі арнайы кабинет жабдықталған.
Олимпиадаға қатысушылар ACTIVote құрылғысы арқылы тест сұрақтарына жауап берсе, екінші кезеңде Power Point бағдарламасында жасалған деңгейлік тапсырмаларды орындады. 
Нәтижесінде Сырдария ауданы № 42 мектеп-лицейінің оқушысы Тельманқызы Шұғыла 1-орын (120 000 теңге), Шиелі ауданы № 157 орта мектебінің оқушысы Молдашова Дильназ Жаңабекқызы 2-орын (70000 теңге), Қармақшы ауданы № 28 қазақ орта мектебінің оқушысы Сапарғалиқызы Бақерке 3-орын (50000 теңге) иеленді. Цифрлық форматта өткен олимпиада қатысушылары алғыс хат, дипломдармен марапатталды.
Айта кетуіміз керек, Ақжар ауылының тумасы, қоғам қайраткері Рзақұл Нұртаев жыл сайын мектептің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, жас ұрпақтың интеллектуалдық дамуына демеушілік жасап келеді. Сондай-ақ, аудандағы мәдени, тарихи орындарын абаттандыру, қайта жөндеуден өткізуге де қаржылай қолдау білдіруде.
Рухани жаңғыру - адам жанының жаңғыруы. Өз тарихын, тілін, рухани құндылықтарын түсініп, бағалай біліп, оны өзгеге жеткізген азаматтың ғана рухы мықты. 
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 мамыр 2019 г. 492 0