Ажалдан алып қалды

2002 жылдың көктемі еді. Жауыннан соңғы дала. Сырдария аудандық жедел жәрдем стансасының көлік жүргізушісі Әбду Махамбетов өзінің жеке көлігімен көшеге беттеген. Қонаев көшесінде жиылған топты көрді. Сол кездері Тереңөзек кенті әкімшілігінде істейтін Қалтай дереу Әбекеңді тоқтатты.
– Әбду, тоқта! – деген оның жүзінен әлдебір үрей сезілген.
Көлікті тоқтатқан сәтті ортада жатқан Ардақ Өттайұлын байқады. Бойындағы ылғалмен тоққа түсіп жатыр екен. Астында бір сым, үстінде бір сым, ол болса дірілдеп жатыр. Ағашпен әрі-бері тартқыласа да, көмектесе алмады. Ойлануға уақыт жоқ. Көліктің жүксалғышынан тістеуік әкелді де сымды екі жағынан қиып тастады. Сұлқ түскен Ардақтың жай-күйіне алаңдаған жұртшылық тыпыршып тұрған еді. Жедел-жәрдемнен көргені көп Әбекең дереу қолдан дем берген. Сәлден соң ыңырсып дыбыс шығарған Ардақтың аман қалғанына қуанған жұртшылық шулап қоя берді.
Ел арасында Ардақтың жанына ажалдан араша тұрған Әбекеңнің ерлігі көпке дейін айтылып жүрді. Сол уақыттағы аудандық аурухананың бас дәрігері Абдолла Арғынбайұлы арнайылап шақыртып, ұжымның алғысын жеткізген.
Бұл күнде Әбду Махамбетов зейнет жасында. Арада 17 жыл өтсе де сол оқиға күні кешегідей көз алдында.

Дәулет ҚЫРДАН,
«Сыр бойы».
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 мамыр 2019 г. 581 0