НЗМ «Театралды жәрдемі» балалар ауруханасында

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары апта сайын облыстық балалар ауруханасына барып, кішкентай ем алушыларға театрландырылған қойылым ұйымдастырады.
Ежелден күлкі пайдалы, антикүйзеліс факторы мен жабығуға қарсы тиімді дәрі болып табылады. Ғалымдардың пайымдауынша, қуаныш, жайдарлық сияқты эмоциялар балалардың дертіне шипа береді.
Апта сайын зияткерлік мектеп оқушыларынан құралған еріктілер тобы облыстық ауруханадағы емалушы балақайлармен кездесуге асығып, бірлескен көңілді шаралар өткізеді.
«Біздің жобаның басты мақсаты – балаларға қуаныш сыйлау. Бала – өмірдің гүлі. Театралды қойылымдар қойып, зияткер ойындарын өткіземіз және сурет салып, балалардың көңіл-күйін көтереміз. Ауруханадағы емалушылар тиісті медициналық көмектерін алса, біз баланың дертінен жазылып шығуына аз болса да септігін тигізетін шаттық нұрын себеміз», – деп бөлісті Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы Алима Баймуғанбетова.  
Зияткерлік мектептің шығармашылық тобы ауруханада өткен кезекті  шарасында ғажайыптар әлеміне саяхаттап, ертегі кейіпкерлерінің бейнесінде сиқырлы сандықты іздестірді. Іздеу жолында балалар түрлі жаттығуларды орындап, топтық ойындарда өз бақтарын сынады.    
«Ауруханадағы бүгінгі күніміз ерекше өтті. Балаларымыз қызықты қойылым тамашалап, ойындарда көңілдерін көтерді. Сурет салып, би биледі. Яғни, оң эмоциялармен қуаттанды», –деді ата-ана Меруерт Бұлтаева.
Айта кету керек, Назарбаев Зияткерлік мектебінің «театралды жәрдемі» балаларға қолдау көрсетуге және жалғызбасты қарттарға, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасыларға жәрдемдесуге бағытталған  «Қоғамға қызмет» жобасы аясында құрылып, бүгінде еріктілер тобы күн сайын толығуда. 
 
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 мамыр 2019 г. 526 0