Жеңіс күніне арналған аламан мәресіне жетті

Кеше «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай Арал ауданы әкімдігінің жүлдесі үшін ат бәйгесі өтті.
Арал ауданы әкімдігінің жүлдесін жеңіп алу үшін Түркістан облысы және Қызылорда облысына қарасты аудандардан келген шабандоздар жалдарынан жел есіп, атқан оқша зулаған сәйгүліктерінің қарымын осы дүрмекте сынап көрді. Барлығы 50-ге жуық сәйгүлік қосылған дүбірлі дода – тай жарысы, құнан, топ, аламан бәйге болып төрт топқа бөлініп өткізілді.
Бәйге тай жарысынан басталды. Ауыздықтарымен алысқан 8 арғымақ тұяқтарымен Арал қаласындағы ипподром алаңын дүбірлетіп 5 шақырым қашықтыққа жүгірді. Сәйгүліктердің ішінен Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылының тұрғыны О.Төкешовтың «Алтын тай» торы жүйріктігін танытып бірінші келді(100мың теңге) . Ал ауданға қарасты Қарақұм ауылынан келген А.Өтегеновтың «Тұмар» атты торы қасқасы мәре сызығын екінші болып кесті(75мың теңге). Ал жүлделі үшінші орынға Арал қаласының тумасы Ы.Алпысбаевтың «Ақпейіл» атты тұлпары ие болды(50мың теңге).  
Содан кейін 10 шақырымдық құнан бәйге жарысы басталды. Онда 11 тұлпар бақ сынады. Құнан бәйгеде Шымкент қаласынан келген Ж.Тоңзақбаевтың «Турнир» атты жирен қасқасы топ жарды(150 мың теңге). Жаңақорған ауданынан келген А.Мұсылманқұловтың «Доллар» атты күрең қасқасы екінші болып келсе(100 мың теңге), Қызылорда қаласының тұрғыны Ә.Асыланұлының «Нұртөбел» атты торы аты үшінші болып жетіп, жүлдегерлер қатарына ілікті (70мың теңге).
Ат жарысы 15 шақырымдық топ бәйгесіне ұласты. Бұл сында Түркістан облысы, Шолаққорған ауылының тұрғыны Ғ.Оралбайдың «Ерторы» атты сәйгүлігі мәре сызығына бірінші болып келді(200 мың теңге). Ал Шымкент қаласынан келген Ж.Тоңзақбаевтың «Жұлдыз» атты қара кері екінші(150 мың теңге), Қазалы ауданы, Пірімов ауылынан келген Келман Бекжанның «Жел күрең» аты үшінші орынға ие болды(100 мың теңге).
Бәйгедегі ең қызығы – аламан бәйге. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» демекші, нағыз жүйрік тұлпарлар осы 20 шақырымдық аламан бәйгесінде анықталды. Көпшіліктің асыға күткен Аламан бәйгеге 5 жүлде тағайындалды. Сонымен бұл жарыста бас жүлде Шымкент қаласынан келген Ж.Тоңзақбаевтың «Дастархан» атты сәйгүлігіне бұйырды(600 мың теңге). Бәйгенің бас жүлдесін аудан әкімі М.Оразбаев табыс етті.
 Аламан бәйгеде екінші жүлде Қарақұм ауылының тумасы Д.Ақжановтың «Ақжайық» атты жүйрігіне берілсе (400 мың теңге), үшінші орынды Көктем ауылы, Т.Пірназаровтың «Миллион» (200 мың теңге) атты көк қасқасы еншіледі. Сонымен қатар, ауданға қарасты Қызылжар ауылынан Б.Берекетовтың «Томирис» (150мың теңге) атты күрең қасқасы төртінші, Көктем ауылы Б.Елмағанбетовтың «Ақбақай» (100мың теңге) атты торы аты бесінші орынды иеленді. 
 
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 мамыр 2019 г. 185 0