Қақпа алдында кездесу

Қылмыстық атқару жүйесі департаменті «Қақпа алдындағы кездесу» әлеуметтік жобасы аясында жазасын толық өтеп, қамаудан босағандармен кездесуді қолға алды. Жоба мақсаты – олардың бостандықтағы өмірге сіңісіп, өздерін қоғамның бір мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік беру. Таяуда департаменттің ұйымдастыруымен ЗК-169/5 түзеу мекемесінде жаза мерзімі аяқталған А.Ә. есімді азаматпен кездесу өтті.
Аталған шараға Қызылорда қалалық пробация, облыс бойынша қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығының, қалалық жұмыспен қамту бөлімінің, Қызылорда қалалық жергілікті полиция қызметінің өкілдері қатысты.
– Жазасын өтеп шыққандар қоғамнан тыс қалмау керек. Бұл жоба осы мәселені назарға алады. Сотталғандардың денсаулық жағдайы, білім деңгейі, жұмыспен қамтылуы, тұрғылықты жерінің болуы, сондай-ақ оған көрсетілетін әлеуметтік-құқықтық көмектің көлемін анықтау үшін қажетті мәліметтер, жеке тұлғасын зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Өйткені, олар осы қоғамға сіңісіп, бостандыққа бой үйрету керек, – деді ЗК-169/5 түзеу мекемесінің босатылатын сотталғандарды еңбекке және тұрмысқа орналастыру жөніндегі инспектор Райхан Әлтаева.
Жоба аясында әлеуметтік байланыстарды орнату, кәсіби білім алу, біліктілігін арттыру, жұмыспен қамту, кепілді медициналық көмек алу, құқықтық көмек, құжаттарын қайта қалпына келтіру бағыттары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, кеңестер беріледі. Бұл сотты болғандардың өткені болашағына көп кедергі келтірмес үшін қолға алынып отыр.

Дәулет ҚЫРДАН,
«Сыр бойы».
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 мамыр 2019 г. 287 0