Қазалы: Жеңіс мерекесінің 74 жылдығы тойланды

  Қазалы ауданында Жеңіс мерекесінің 74 жылдығына арналған мерекелік шара Жеңіс саябағында өтті. Жиынға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев бастаған ел ағалары, ардагерлер және аудан тұрғындары қатысты.

    Соғыста қаза болған майдангерлерге арнап «Тағзым» алаңының алдына аудан әкімі, ел ағалары мен жиынға қатысушылар гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Салтанатты жиында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Қазалы жұртшылығын Жеңіс мерекесімен құттықтады.

-    Жеңісті жақындатуға үлесін қосып, сол зұлмат күндерге жастық шағы қатар келген аға буынның барлығы ұлықтауға лайық. Ортақ Отанды қорғау үшін ауданымыздан 10 770 азамат майданға аттанса, 6229 жауынгер ғана аман-есен елге оралған. Жыл өткен сайын олардың қатары азайды. Бүгінде Пірназар Мырзатаев, Тілеубеген Тобабергенов, Қалеп Бектұрғанов, Лепес Әуесбаев, Қабақ Смағұл сынды аталарымыз ғана арамызда.

     Бүгінгі таңда ауданда ардагерлердің тұрғын үйлеріне жөндеу жүргізу, демалыс үйлері мен шипажайларға жолдама беру, республикалық, облыстық және жергілікті басылымдарға тегін жаздыру, аудан аумағындағы қоғамдық көліктерде тегін жүру сияқты жеңілдіктер қарастырылған. Ардагерлердің денсаулығын түзеу, оларға жағдай жасау мақсатында аудандық аурухана мен теміржол ауруханасында арнайы ардагерлер бөлмесі ашылған. Мұан бөлек, Жеңістің 74 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің әрбіріне 202 мың теңгеден, соғыс жылдарындағы мінсіз қызметі үшін КСРО-ның орден-медалдарымен марапатталған азаматтардың әрқайсысына 126 мың теңгеден, тылда кемінде алты ай жұмыс істеген ардагерлердің әрбіріне 75 мың теңгеден біржолғы материалдық көмек төленді.

       Біз Жеңіс сарбаздарын әлі де жауынгерлік сапта деп есептейміз. Өйткені, ардагерлер өнегелі істерімен, ұлағатты ақыл-кеңестерімен ауданымыздың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді. Сондықтан, қай кезде болсын Жеңіс жауынгерлерін ардақ тұтамыз, оларды қамқорлыққа алуды өзіміздің перзенттік парызымыз деп білеміз, - деді аудан басшысы өз сөзінде.

Мерейлі мереке күні аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов сөз сөйлеп, Жеңіс тойының мән-маңызына тоқталды. Одан кейін әруақтардың рухына құран бағышталды.

Жеңіс саябағының орталығында «Ерлік ешқашанда ұмытылмайды» атты театрландырылған қойылым қойылып, өнерпаздар соғыс жылдарындағы әндерді шырқады.


Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 мамыр 2019 г. 298 0