«Танкист» қала тұрғындарынан кешірім сұрады

Шымкентте полицейлер көлігін танкіге ұқсатып безендіріп, көшеге шыққан жүргізушіге жол ережелерін түсіндірді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат otyrar.kz сілтеме жасап. 
Шымкенттік полицейлер Жеңіс күні құрметіне автокөлігін Т-34 танкісіне ұқсатып өзгертіп, жабдықтап алған жүргізушінің кім екенін анықтады. Мегаполис тұрғындары Hyundai көлігі иесінің идеясына әрқилы баға берген. Ал жүргізушінің сөзіне құлақ түрсек, ол жол ережесін бұзам деп ойламаған.
«Полиция қызметкерлеріне алғыс айтамын. Мені бүгін полиция учаскесіне шақырып, бәрін түсіндірді. Олар жол үстінде мұндай әрекетке тыйым салынғанын айтты. Сосын полицейлер мені қоя берді. Тәртіп сақшыларына көп рахмет. Шымкент тұрғындарынан кешірім сұраймын», - дейді Hyundai жүргізушісі.
Айта кетейік, ҚР Жол қауіпсіздігі ережелерінде автокөлікті тиісті рұқсат алмай, өз бетінше өзгертуге, қайта жабдықтауға тыйым салынған. Бұл жағдайда қосымша заттар жүргiзушi отырған жерден көрудi шектеп, жол қозғалысына қатысушылардың жарақат алу қаупiн туғызуы мүмкін. Жол қауіпсіздігі ережелерін бұзған жағдайда айыппұл салынады. Еске сала кетейік, Жеңіс күні әлеуметтік желілерде танкіге ұқсатып жабдықталған көліктің видеосы тараған болатын.    


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 мамыр 2019 г. 323 0