Халықаралық мейірбикелер күні аталып өтілді

Жалағаш ауданындағы емдеу және алдын алу ұйымдарында 86 жоғары білімді дәрігер, 463 орта буынды медицина қызметкерлері жұмыс жасауда.
Бүгін 12 мамыр - Халықаралық мейірбикелер күніне орай аудандық Қ.Қазантаев атындағы Мәдениет үйінде салтанатты шара өтті.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов ақ халатты абзал жандарды төл мейрамымен құттықтап, халықтың алғысына бөлене берулеріне тілектестігін білдірді.
– Мейірбике мамандығы - әлемдегі ең ізгілікті мамандықтардың бірі. Сіздер бізге денсаулық сыйлайсыздар, ауру-сырқаудан сақтап, өміріміздің ең ауыр кездерінде көмекке келесіздер. Біздің ең қымбат байлығымыз - өміріміз сіздердің кәсібиліктеріңізге, мейірімділіктеріңіз бен көңілдеріңізге байланысты. Сондықтан да бұл сала иелеріне құрметпен бірге, үлкен жауапкершілік жүктеледі, – деді Жағыпар Айтбайұлы.
Амбулаториялық-емханалық қызметі бар орталық аурухананың мейірбикелері, сала ардагерлері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің Құрмет граматосымен, облыстық Жастар денсаулығы орталығының, аудан әкімінің, «Нұр Отан» партиясы Жалағаш аудандық филиалының, аудандық аурухананың, кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Шара барысында денсаулық сақтау саласының ардагері Қанымкүл Шаханова, кәсіподақ комитетінің төрайымы Ләйлә Елібаева сөз алып, мейірбикелерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Шара аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Айта кету керек, 2015 жылы аудан орталығынан жаңадан бой көтерген ауысымына 250 келушіге арналған үш қабатты типтік жобадағы емхана ғимараты ел игілігіне пайдалануға берілді және заман талабына сай жаңа медициналық құрылғылармен жабдықталды.
Қазіргі таңда емханада аудан тұрғындарын спирография, электроэнцефалография, Холтерлік мониторлау тексерулерінен өткізу мүмкіндігіне қол жеткізілді.
2016 жылы Еңбек ауылдық дәрігерлік емханасының ғимараты ел игілігіне пайдалануға берілді.
Жуық арада 100 орындық аудандық аурухананың, сонымен қатар, жекеменшік - мемлекеттік әріптестік негізінде Ақсу, Мырзабай ахун және Таң елді мекендерінде де дәрігерлік емхана құрылысы басталады.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 мамыр 2019 г. 219 0