Батыр атындағы парта

Байқоңыр қаласында Ғалымжан Ұзақбаев басшылық ететін №273 орта мектепте ерекше шара өтті.

Аталған мектепті 1986 жылы тәмамдап, кейіннен космонавт атанған мектеп түлегі, Ресей Федерациясының Батыры Олег Германович Артемьев өзге ғарышкерлер сияқты он жыл білім алған мектебіне өзінің суреті бейнеленген және өнегелі өмір жолы жазылған партаны сыйға тартты.
Өскелең ұрпақ үшін өнеге болып табылатын шарада Қазақстан Республикасы Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысының орынбасары М.Демесінов, Байқоңыр қаласының мәдениет, жастар саясаты, спорт және туризм басқармасының басшысы Е.Гертер және Қармақшы аудандық оқу бөлімінің білімді дамыту секторының меңгерушісі А.Саденова құттықтау сөз сөйледі.
Айта кетейік, төрт жылдан бері 12-сәуір Космонавтика күні «Космос – это мы» тақырыбында Ресейде және басқа да елдерде Гагарин сабағын өткізу дәстүрге айналған.
Міне, осындай үрдісті жалғастыру мақсатындағы шара аясында ғарышкерлер өздері білім нәрімен сусындаған білім ордаларына  «Батыр партасын» сыйға тарту ету арқылы өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп келеді. Осындай танымдық шара барысында мектеп директоры, аудандық мәслихат депутаты Ғалымжан Ұзақбаев қонақтарға ғарышкер жерлесіміз О.Артемьевтің өмірбаяны, ғарышқа сапары, жүргізген зерттеу жұмыстары жөнінде мағлұмат берді.
Сонымен бірге, жиында бастауыш сыныптың бір топ озат оқушыларын  «Жас Ұлан» ұйымына қабылдау рәсімі өтті. Бұған қоса, Ресей Батыры, ғарышкер Олег Артемьевтің құрметіне арналған «Батыр партасының» лентасын қию рәсімі өткізілді. Батыр партасына отыру құрметіне озық ойлы оқушы Қасым-Жомарт Қаруов ие болды.
Шара соңында оған қатысушылар мұражайдағы мектеп түлегі, жерлес ғарышкер О.Артемьевтің өмір жолы мен ғарыштағы сапарлары жайлы көрмені тамашалады.


                                                                         Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
                             Байқоңыр қаласы.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 мамыр 2019 г. 147 0