«DamuMed» дамуға дәнекерлік

Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында  денсаулық сақтау саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану электронды денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында қарқынды шаралар қолға алынды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні саланы цифрландыру бағытында 32 медициналық ұйымға ақпараттық жүйелер енгізіліп, қамтылу 100 процентке жеткізілген. Осыған орай медициналық ұйымдар толық компьютерлік техникамен  жабдықталды. Ол үшін жергілікті бюджеттен 175,1 млн теңге қаржы қаралып, 843 компьютер сатып алынған.
Онан бөлек, өңірдегі медициналық мекемелер интернет байланыс арналарымен 85,2 процент қамтамасыз етілген, оның ішінде қала және аудан деңге­йіндегі ұйымдардың қамтылуы 100 процентті құраған. Кешенді медициналық ақпараттық жүйені қолдану барысында тұрғындардың 95,5 проценті электронды денсаулық паспортымен қамтылса, былтырғы жылдан бастап еңбекке уақытша жарамсыздық парақтары электронды түрде берілуде. Сонымен бірге, «қағазсыз аурухана»  жобасы аясында былтыр 94 медициналық құжаттама электронды форматқа көшірілген. Осының негізінде бүгінде мемлекеттік көрсетілетін қызметті электронды түрде алу қарқынды жүргізілуде. Бұл орайда, әсіресе, «DamuMed» мобильді қосымшасы өз тиімділігін көрсетіп отыр. Былтыр 150 мыңнан астам пациент осы қосымша арқылы электронды түрде дәрігер қабылдауына жазылған. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыс­тырғанда 49,7 процентке артық. Сондай-ақ, «Smart City» концепциясы аясында «Электронды кезек және дәрігер қабылдауына жазылу жобасы» жүзеге асырылды. Оған облыстық бюджеттен 162,1 млн теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымдары мен клиникалық-диаг­ностикалық қызмет көрсететін стационарлық мекемелерде электронды кезектілік жүйесінің инфрақұрылымы, яғни, электронды кезек пен электронды жазбаға арналған терминалдар, экрандар мен шағын компьютерлер құрылып, физикалық навигация­лар орнатылды. Жобаның негізгі мақсаты – кезектілікті азайту арқылы медициналық көмек сапасын арттыру және тұрғындар арасындағы арыз-шағымды төмендету.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, мобильді қосымшалар бүгінгі күні барлық емханаларда жұмыс жасауда. Мәселен, 64 мың тұрғынға қызмет көрсететін қаладағы №6 емханада қазіргі кезде дәрігерді үйге шақырту, оның қарауына жазылу, сараптама қорытындыларын зертханаға жолдау және еңбекке жарамсыздық парақшасын беру  «DamuMed» мобильді қосымшасы арқылы автоматты түрде атқарылады. Емхана бас дәрігері  Жаннат Қожарипова емханаға келушілер арасында бұл қосымшаны пайдаланушылар санының күн сайын артып келе жатқанын айтты.  
– Цифрлық технологияның нәтижесінде бұған дейін қағазға жазылатын есептік құжат қажетсіз болып қалды. Емханаға тіркелген тұрғындардың 98 процентінің электронды төлқұжаты жасақталды. Осылайша науқастар өзімен бірге анықтама немесе басқа да қағаздар бумасын арқалап жүрмейтін болды. Тек өз аты-жөнін айтса жеткілікті, олардың қандай сырқатқа шалдыққаны, нендей ем қабылдағаны, сараптама қорытындысы жайлы біліп отыруға болады,– дейді бас дәрігер.
Емханада, сондай-ақ, ІТ-телефония жұмыс жасайды. Яғни, былтырғы қазан айынан бастап жасақталған тұрғындар қоңырауын қабылдайтын бірыңғай СаІІ-орталық қызмет көрсету сапасын арттыруға, адамдардың өтініш-тілектерімен жұмыс істеу тиімділігін жақсартуға бағытталған. СаІІ-орталық барлық тұр­ғындар үшін қолжетімді.

Айнұр БАТТАЛОВА.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 мамыр 2019 г. 142 0