«I-teka» несімен тиімді?

Қызылордалық Жанерке Ермахан қоғамдық денсау­лық сақтау мамандығы бойынша Астана медицина университетінің ІІІ курсында оқып жүр. Ол жуырда «I-teka» бірыңғай анықтамалық жүйесіне енетін медициналық онлайн кеңесші жасап шығарды.
«I-teka» медициналық портал жүйесі – телефон анықтамалығы мен ғаламтор сайттарын қамтитын онлайн құрал. Мобильді қосымша емделушілерге қажетті дәріханаларды, дәрі-дәрмектерді, медициналық мекемелер мен дәрігерлерді табуға көмектеседі. Компания наурыз айында отандық жоғары оқу орындарының студенттері арасында автоматты чат-бот әзірлеу бойынша байқау ­ұйымдастырды. Нәтижесінде дәл әрекет ететін алгоритмі бар кеңес беруші робот жасап шығарған Жанерке жеңімпаз атанды.
– Емделушімен сөйлесу арқылы чат-бот алдын ала болжамды диагноз қойып, қажетті маманға көрінуді ұсынады. Ал оған дейін ауруды уақытша басатын дәрі-дәрмектер жөнінде кеңес беріп, ауруды аңықтау үшін қандай медициналық тексеруден өту керектігін көрсетеді, – дейді Жанерке.
Мамандар қазір Жанерке ұсынған чат-ботпен жұмыс істеп жатыр. Жоба халықтың уақытын үнемдеуге, аурудың алдын алуға ықпал ете алады.
Дәрігер болу – кейіпкеріміздің бала күнгі арманы. Анасы жиі ауырып қала бергендіктен, ол медуниверситетте оқуды мақсат етіп қояды. Әуелгіде Қытай халық медицинасы мамандығын таңдағысы келген екен. Кейін ол ойынан айнып, қоғамдық денсаулық сақтау мамандығына бет бұрды. Айта кетейік, Жанерке 2016 жылы Қызылордадағы Назарбаев зияткерлік мектебін үздік бағамен бітірген. ҰБТ-да ең жоғары 125 балл алып, мемлекеттік білім грантымен оқуға түсті.
Бүгінде Жанерке – белсенді студент. Ғылыми конференцияларға, конкурс­тарға қатысып, алғырлығы мен білімділігін дәлелдеп жүр. Ол жуырда өткен рес­пуб­ликалық конкурста ме­дицина саласын ілгерілетуге арналған тағы бір инновациялық IT шешімін ұсынды. Шараны Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен медициналық университет ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы ­өкілдігі жә­не республикалық элек­трон­ды денсаулық сақ­тау орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Халыққа нақ­ты ақпарат таратуды көздейтін мобильді қосымша қазылар алқасының жоғары бағасын алып, студенттер командасы жүлделі орынға ие болды. Конкурстың бас демеушісі – «1С» компаниясы жүлдегерлер тобына қаржылай сыйлық сертификатын табыс етті. Жанерке мұның жобаны жүзеге асыруға жұмсалатынын айтып отыр. Ал мобильді қосымша келесі жылы іске қосылмақ.
Әңгімелесу кезінде кейіп­­керіміз өзін медицинадағы өзекті мәселелер, әсіресе, екпе салдыру жайы алаң­дататынын жеткізді. Айтуынша, елімізде соңғы 8 жылда әртүрлі себеппен вакцинадан бас тартқандар саны 18 есе артқан.
– Екпе егу – адамзатты жұқпалы аурулардан қорғау және алдын алу бойынша ең тиімді іс-шаралардың бірі. Ал оны салдырмаған адам айналасындағы 15 адамға қауіп төндіретіні дәлелденген, – дейді ол.

Назерке САНИЯЗОВА.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 мамыр 2019 г. 143 0