Бүгін – «Соңғы қоңырау»

 Біз жүгінетін мынадай дерек бар. Биылғы оқу жылында облыс бойынша 293 мектепте 153 502 оқушы білім алды. Қазіргі таңда оқу жылын аяқтауға байланысты  қажетті шаралар қолға алынған.

«Соңғы қоңырау» салтанаты барлық мектептерде бүгін, яғни, 25 мамыр күні өткізілсе, «Аттестат тапсыру» кештері 12 маусымға белгіленіп отыр. Білім және ғылым министрлігі бекіткен Тұжырымдамаға сәйкес биылғы жылғы  мектеп бітіру іс-шарасы «Болашақ – жастардыкі» тақырыбын арқау етеді.  
Айта кетейік, 2019 жылдан бастап жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыру мақсатында ҰБТ жылына 4 рет ұйымдастырылады. Яғни, қаңтар, наурыз, тамызда өткізілетін ҰБТ ақылы негізде түсушілерге арналған. Ал, білім грантын алу үшін үміткерлер маусым айында бақтарын сынайды.
2018-2019 оқу жылында облыстағы 261 мектептен 5754 оқушы  11 сыныпты аяқтайды. Оның 4143-і, яғни  72%  маусым айында өткізілетін ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген. Жалпы бітірушілердің 412-сі «Алтын белгіге», 270-і «Үздік аттестатқа» үміткер. 29 колледжден 5398 студент күндізгі оқу бөлімін аяқтайды. Оның  835-і (15%)  ҰБТ-ға қатысады.
Жылдағыдай бітіруші түлектер  жыл бойы жұмыс жасайтын лагерьлерде қосымша дайындық курстарынан өтті.  Бұл орайда жергілікті бюджеттен 119,3 млн теңге бөлінген. Сол сияқты жалпы орта мектептерде ҰБТ-ға дайындық шаралары үздіксіз жүргізілді. Мәселен, наурыз айында өткізілген сынама тестілеу қорытындысы бойынша орташа балл 89 болса, сәуірде 92 -ні құрап отыр.
2018 жылғы ҰБТ қорытындысымен облыс­та орташа балл – 85,8-ді  құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,4 балға көтерілді. Соңғы екі жыл қатарынан бітірушілердің 97 % университеттер мен колледждерге түсуін үлкен жетістік деп бағалауымыз керек.
Аймақ басшысының қолдауымен бүгінгі күні Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында 436 түлек білім алуда. Сондай-ақ, биылғы жылы 628 оқушы  аталған университеттерге түсуге емтихан тапсырған.
Сәтін салса, биылғы бітірушілердің 4662-сі университеттерге (81%), 1000-ы колледждерге (17%) оқуға түседі деген болжам бар.
Маусым айында өткізілетін ҰБТ-ны ұйым­дастыруға (тасымал, тамақтану, жатын орын) жергілікті бюджеттен 17,5 млн теңге  бөлінген. Бұл бағытта аудандарда тиісті жұмыстар атқарылуда.


Ғазиза ӘБІЛДА.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 мамыр 2019 г. 219 0