Сыңғырла, соңғы қоңырау

Жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде өтетін бұл шара көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлайтыны да рас. Өйткені, ақ бантик таққан арулар мен ақ жейделі ұлдар барлық шаһарлар мен өңірлердің сәні мен мәнін келістіретіні сөзсіз.
Осы бір тарихи салтанатты шара Арал ауданында ерекше сән-салтанатымен, «Жастар» жылы аясында өтті.
Соның ішінде, аудандағы басты салтанатты шара Арал қаласындағы №262 мектеп-гимназиясында орын алды.
Республикалық, облыстық аудандық түрлі байқаулар мен пән олимпиадаларының жүлдегерлерін түлеткен білім ордасындағы салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары М.Мейірбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова, ардагер ұстаз Б.Сермағамбетова, қамқоршылық кеңес төрағасы Ж.Жалғасбековтар қатысты. 
«Болашақ жастардікі» атты соңғы қоңырау шарасының шымылдығы еліміздің Әнұранымен ашылды. Одан кейін аудан әкімінің орынбасары М.Мейірбеков оқушылар мен ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, «Биылғы жылы ауданымыз бойынша тереңдетілген білім нәрімен сусындаған 751 оқушы мектеп бітірсе, олардың 425 Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдіріп отыр. Аяқталғалы отырған оқу жылы біздің ауданымыз үшін жемісті жыл болды деуге болады. Оқу жылының қорытындысы бойынша түлектердің 47-сі «Алтын белгіге», 13 оқушы – «Үздік аттестатқа» үміткер атанды», - дей келе, мектеп бітіруші түлектерге ақ тілегін жеткізді.
Шара барысында түлектер ұстаздарына жүрекжарды өлеңдерін арнап, әсем әндерін жолдап, 10-сынып оқушыларына аманат туын табыстады. Ал, мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары атынан О.Бозғұлова мектеп басшылығы мен ұстаздарға ризашылығын білдіріп, түлектерге ақжарма тілегін жолдаса, Ә.Лекеров атамыз ақ батасын берді. Мұнан соң, соңғы қоңырау соғылып, түлектер қоштасу вальсін орындады.
Айта кетейік аталған білім ордасынан биыл 41 түлек қанаттанса, олардың 4-еуі «Алтын белгіге» 1- еуі «Үздік аттестатқа » үміткер.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 мамыр 2019 г. 200 0