Бүгін - Қадір түні

 Мұсылман қауымы үшін күндердің қайырлысы - жұма болса, түндердің қайырлысы - Қадір түні. Биыл бұл қасиетті түн мамырдың 31-інен маусымның 1-іне қараған түніне сай келіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
Діни наным бойынша, Қадір түні - сауаптар еселеніп жазылатын ерекше түн. Себебі, бұл түні «қасиетті Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған». 
«Қадір» сөзі «абырой, ұлылық, орасан зор» мағынасын береді. Себебі, Қадір түні - ұлық және аса қасиетті кеш болып саналады. Бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы. Құран Кәрімде бұл турасында «Қадір түні мың айдан да қайырлы», (Қадір, 2) - деп баяндалады». ҚР Мұсылмандары діни басқармасы «Қадір» сөзіне қасиетті Құран сүрелерінен үзінділер келтіре отырып, осындай анықтама береді. 
Дін өкілдерінің айтуынша, осы түні Жаратушыға (с.ғ.с.) бар ықыласымен сыйынған пенде ғұмыр бойы құлшылық еткен болып саналады. Ал әрбір жыл сайынғы Қадір түнін ыждахатпен күтіп, құлшылық қылған жандар қамшының сабындай қысқа ғұмырда сауаптан  биік тау тұрғыза алады деп есептеледі. 
Қадір түнінің құт-берекесі шексіз. Қазақ тақуалары таң ағарып атқанға дейін періштелер сәлеметі жер бетіне себезгілеп, мұсылман үмбетінің жүрегіне тыныштық пен жан рахат орнайды деп тәмсілдеген. Бұл түнде өзін мұсылман санайтын әрбір жан ғибадат жасап, имани сезімдерін арттыруы керек.  
Ислам ғұламалары Қадір түніне «Бейбітшілік түні» деген баға да береді. Ал дін өкілдері бұл түнді мейлінше құлшылықпен, ұйқысыз, дұға жасап өткізуге кеңес береді. Мешітке барып, киелі түнді жамағатпен бірге қарсы алудың да өз нығметтері бар. 
Еске салайық, биыл 6 мамыр күні басталған Ораза айы 4 маусым күні аяқталады. 5 маусымда Ораза айттың алғашқы күні. Бекітілген пітір-садақа көлемі - бір адамға 300 теңге.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 мамыр 2019 г. 610 0