Қадір түнін қалай өткізген дұрыс?

 Бүгін мамыр айының 31-нен маусымның 1-не қараған түн - Қадір түні. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Қадір түнін Рамазан айының соңғы ондығындағы тақ түндерінен іздеңдер» деген.

Қадір түні қандай түн?

Бірде Алла елшісі (с.ғ.с) Исрайыл ұрпақтарының бірі өмірінің сексен жылын құлшылықпен өткізгендігі туралы сахабаларына айтады. Себебі, ертеректе адамдар ұзақ жасаған. Нұх пайғамбардың (ғ.с) тоғыз жүз елу жыл өмір сүргендігі туралы Құранда айтылады. Сонда сахабалар: «Шіркін-ай, біздің де жасымыз сондай ұзақ болғанда, біз де ұзақ жыл Аллаға құлшылық қылар едік», – деп армандайды. Осы оқиғаға байланысты Алла Тағала Қадір сүресін түсірген. Бұл түн – мың айдан да қайырлы. Бұл түнгі құлшылық 83 жылға тең делінген. Алла Тағала Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың үмметіне сонша ұзақ өмір бермесе де, осындай нығыметке, берекеге толы бір түнді берген.
Қасиетті Құран кәрімде: «Расында, Біз Құранды Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Сол түні Раббысының рұқсатымен Рух пен періштелер әртүрлі іс үшін түседі. Таң рауандап атқанға дейін сол түн бейбітшілікке оранады», - делінеді.
Қадір сөзі араб тілінде тағдыр деген де мағынаны береді. Сондықтан ислам ғалымдары бұл тағдырлар жазылатын түн екенін, Алла тағала адамдардың келесі жылғы тағдырын, өмірі мен өлімін, ризық-несібесін, бақытты немесе бақытсыз болуын, жаңбырдың жаууын тағы да басқа үкімдерді жазатындығын айтады.
Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бұл түні жер бетіне түсетін періштелердің саны жердегі ұсақ тастардан да көп болады», деген. Сондай-ақ, «Қадір түнгі періштелердің көптігі сонша, жердің беті тарлық етеді», делінеді тағы бір хадисте.

Қадір түні қандай амалдар жасаған дұрыс?

Бұл түні мейлінше құлшылықпен, ұйқысыз дұға жасап өткізген абзал.
Ер кісілер мешітке барып, парыз намаздарды жамағатпен оқып, өзге сүннет, нәпіл, қаза намаздарын оқыған дұрыс.
Әйел кісілерге мешітке бару міндетті емес. Себебі, Алла елшісі: «Әйелдердің ең ізгілері – мешіті үйінің ішінде болғаны» деген.
Қадір түні Құранды көп оқып, біліп-білмей жасаған күналары мен қателіктері үшін Жаратушыдан кешірім сұрап, дұға тілеу ең абзал амалдардың бірі. Сондай-ақ, бұл түнде садақа берген жөн. Себебі, «Садақа беріңдер. Садақа тозақтың отын сөндіреді» деген Алла елшісі.
Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл түні: «Я, Алла, расында, мен Сенен Сенің басшылығыңды, тақуалықты, (күнәдан жаман қылықтардан) пәктікті және байлықты сұраймын», деп дұға еткен. (Муслим)
Алла тағала «Бақара» сүресі, 152-аятында: «Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкірлік етіңдер де, күпірлік етпеңдер» деп ескерті. Сондықтан Қадір түнінде «Қадір сүресін және Алладан ырзық-несібе мен берекелі ғұмыр тілеп мына дұғаларды да оқыған дұрыс.
«Я, Алла! Көбейте гөр, кемітпе, сыйлы қыл да, бейшара қылма, бере гөр де, тыя көрме, бізді таңда да, құр қалдырма, бізді разы қыл, бізден де разы бол!»
«Я, Алла, барлығын Білуші, көктер мен жердің Жаратушысы, барлық нәрселердің Раббысы әрі Патшасы Сенсің. Сенен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ екендігіне куәлік беремін және өз нәпсімнің кесірінен әрі шайтанның жамандығы мен көпқұдайшылығынан Өзіңе сиынамын. Әрі өзіме немесе басқа бір мұсылманға жамандық жасап қоюдан Өзіңе сиынамын».
Алла тағала дұғалары қабыл болған пенделерден қылғай!
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 мамыр 2019 г. 298 0